Таиландта Қазақстан азаматы ресейлікке қастандық жасағаны үшін қамауға алынды – БАҚ
Таиланд полициясы ресейлікке қастандық жасады деген күдікпен 49 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. Оқиға Пхукет аралында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РБК басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті Пхукет әуежайында ұсталған. Ол Мәскеуге ұшып кетпек болған.
Ресейдің бас елшісі Владимир Соснов Ресей азаматы көлікте отырғанда қастандық жасалғанын мәлімдеген. Ер адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Ал таиландық полицейлер мұны біреудің тапсырысы болуы мүмкін екенін айтады.
Taigеr басылымының мәліметінше зардап шеккен ер адам – 44 жастағы Дмитрий Алейников. Куәгерлер полицияға Honda PCX мотоциклін тізгіндеген өзге шетелдіктің “Anis Tapas and Bar” барының маңына келгенін айтыпты. Көлікке жақындаған соң ол тапаншасын шығарып, төрт рет оқ атқан. Нәтижесінде Алейниковтің кеудесіне, өкпесіне және иығына оқ тиген.
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі әзірге бұл ақпаратты растамады.
“Таиланд билігінен ресми ақпарат келіп түскен жоқ, растай алмаймыз”, – деп пікір білдірді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.