Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтар "қорапта" өмір сүреді": Эфирде шашын тақырлап алып тастаған ару "белден төмен" әңгімелерді неге көтереді?

Эфирде ашық сұрақтар қойып, жыныстық қатынас туралы айтып көпшіліктің сынына ұшырап қалған Ұлдана Ерқасым Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берді. "Евразия Бірінші арнасындағы" Qalayym live жобасының қатысушысы шашын тақырлап алып тастағаны үшін еш өкінбейді. Айтуынша, ол мұнымен өз сөзінде тұра алатынын дәлелдегісі келіпті.

ұлдана

- Ұлдана, шашыңды тақырлап алып тастағаныңа өкініш жоқ па?

Дым өкініш жоқ, қазір біраз өсіп қалды. Тағы алдырайын деп жүрмін. Өйткені шашым ұзын кезде үлкен әйел сияқты көрінетін едім. Ал шашты алған соң бөпе секілді болып қалдым. Эфирде шашымды алдырсам, онда солай болуы керек деген сөз. Бағдарламадағы Әлімжан мен Гүлнардың жұп болатынына мен сенбедім. Содан эфирде «Екеуің егер жұп болсаңдар шашымды алып тастаймын» деп айттым. Бірақ ешкімге еліктеген жоқпын. Сөз беріп қойдым. Солай істеу керек болды. Маған көп адамдар «сен өтірікшісің» деп айтатын. Сол үшін де өзімнің өтірікші емес екенімді дәлелдегім келді. 

- Qalayym live бағдарламасына келудегі мақсатың қандай еді?

Адамдар сене ме, сенбей ме білмейін. Бірақ бар жүрегіммен айта аламын, өзімнің екінші жартымды кездестіргім келеді. Бұл бір өтірік нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бағдарламаға келудегі мақсатым - жұбымды табу. Мұның алдында қарым-қатынастар болды. Бірақ үш жылдан кейін ғана өзімнің кездесіп жүрген адамым туралы бір жайттарды білдім. Оған тұрмысқа шығамын деп ойлап жүрген болатынмын. Ал мына бағдарламада сен танысқалы отырған адамыңды жақсы тани аласың. Дегенмен «Қалауым Live» бағдарламасы туралы адамдарда жаман пікір қалыптасып қалған. Мен сол стеротипті бұзғым келеді. 


Тағы оқыңыз


- Бұрынғы жігітің қатты ренжіткен бе еді?

Өмірімде екі-ақ жігітпен жүрдім. Біреуімен төрт жылдан аса, екіншісімен бір жарым жыл жүрдім. Сол бірінші жігітімнің өткен өмірінде жасаған нәрселері шыға бастады. Ол жігіт көп қыздардың көз жасына қалған. Ал өмір бумеранг. Кімге не жасасаң, сол айналып өзіңе тиеді. Сол үшін айырылысуымызға тура келді. Әркім өз өмірінің күрескері дейді. Мен болашақ жарымның «мінсіз» адам болғанын қалаймын. Бірақ өзім ондай емеспін. Бағдарламада егер жігіт өткен өмірінде қызды ренжіткен болса, онда ол келесі күні эфирге шықпайды. Әрине, барлық адам қателеседі. Бірақ көбісі соны жасырады. Айтсын, мойындасын. Мен де түсінемін. Өйткені мен де қателескенмін. 

- Іздеген «мінсіз» адамыңды табу қаншалықты мүмкін болып жатыр?

Әзірге табылмай тұр. Негізі эфирде біз толық көрінеміз. Әрине, өзімді арық қызбын демеймін. Бірақ бұдан да ірі көрінемін. Шынайы өмірде көретін адамдар «Сіз кішкентай-ақ екенсіз ғой. Эфирде үлкен көрінесіз» деп айтады. Ал жігіттер негізі фигураға және түріңе қарайды ғой. Бағдарламаның шыққанына әлі екі ай да болған жоқ. Бәрі алда деп ойлаймын. Мен міндетті түрде жарымды осы жерден жолықтырамын. Бақытты болғым келеді. Сол үшін жұрттың сөзінен қорықпаймын. Маған осы болмысыммен қабылдай алатын азамат келетініне сенемін. Жігітімді тауып жатсам, біз осы бағдарламада тойымызды өткізетін боламыз. 

- Ата-анаң қарсы емес пе осылай ел алдына шығып «жігіт іздеймін» деп айтып жүргеніңе?

Ең алғашында қарсы болды. Бірақ ата-анам және бауырларым маған сенеді. Менің қандай адам екенімді, қашан да дұрыс шешім қабылдайтынымды біледі. Олар қарсы болмағанымен туысқандар жағы онша қабылдай алмай жатыр. Шашымды тақырлап алғалы бері Ақтауға барғым келмейді. Алдында үйге барып келдім. Бірақ үш күн бойы далаға шыға алмадым. Егер мен өз азаматымды тапсам, басымды тік ұстап жүрер едім. Ал қазір әлі нақты нәтиже жоқ. Сол себептен оларда маған деген кері пікір қалыптасқан. Өзім туралы «Атың шықпаса, жер өрте» деп айтылып жатыр. Бірақ өзімді дәлелдеп шығамын. 

- Қазақ қызы ретінде өзің «жар іздеймін» деп айтуды ұят көрмейсің бе?

Қазақта көп нәрсе «ұят» деп қабылданады. Біздің қазақтар «қорапта» өмір сүреді. Шетелдің адамдары емін-еркін, жұрттың ойына мән бермейді. Бала кезімде мен сондай болдым. Бірақ көп ел аралаған соң ойым өзгерді. Ең бастысы, мен өзімнің қандай екенімді білемін. Эфирде мен жыныстық қатынас туралы да сұрақтар қоямын. Біз ол сөзді ұят дейміз. Бірақ жыныстық қатынассыз бала дүниеге қалай келеді? Эфирде «Сен белден төмен әңгіме айтасың» деп талай аузымды жаптырғандар болды. Бірақ не үшін бізде балалар үйі көп? Зорланған әйелдер көп? Оның барлығы осы «ұят болады» деген нәрседен болып отыр. Дәл осы бағдарламаға келер кезде маған анам қолдау көрсетті. 

- «Қоқыстан шыққан миллионер қыз» кітабың не туралы?

Кітабымда мен ешімге ақыл айтпаймын, мотивация бермеймін. Ол өзім туралы. Мен он жылға жуық басқа Ардақ деген есіммен өмір сүрдім. Кішкентай кезімнен журналист болғым келетін. Өзімді қара жұмысқа қимайтынмын. Бірақ отбасылық жағдайыма байланысты ерте жастан саудамен айналыса бастадым. Студент кезімде қатараластарым небір байдың балалары еді. Солардың қасында еңсемді биік ұстау үшін жұмыс істеп ақша табатынмын. Тауар сатумен айналысып жүргенде шын атымды айтқым келмеді. Өйткені болашақта журналист болғанда біреулер «мына қыз баяғыда жұмыс істеген ғой, мынау кім?» деп айтқанын қаламаймын. Сол себептен қара жұмыс істеп жүргендегі атым басқа болды. 

Талқылау