Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға несие карталарын қолданудың қағидалары айтылды

Қазіргі таңда қазақстандықтардың арасында несие карталарын пайдалану қалыпты жағдайға айналды. Мұндай карталарды ашу бүгінде еш қиындық тудырмайды және әркімге қолжетімді. Десек те несие карталарын қолданудың бабын білмесеңіз, қарызға батып, құрдымға кету қиын емес. Несие карталарын пайдаланудың тиімді жолдары қандай? Бұл туралы біздің материалымыздан оқи аласыздар.

карта

Күнделікті тіршілікте қажетті соманы кез келген екінші деңгейлі банктен алуға болады. Бірақ оны пайыздық мөлшерлемемен қайтаруға тура келеді. Бұл жағдайда бәрін ақылға салып, өз табысыңыздың көлемін есепке алу маңызды. Мұны экономист маман да айтып отыр. Төмендегі 5 қағида несие карталарын дұрыс пайдаланудың жолдары ретінде ұсынылады.

Уақытылы төлем жасау

Бұл несиедегі ең маңызды қағида. Несиелік карталар бойынша төлемнің мерзімін өткізіп алмаңыз. Себебі бұл сіздің несие тарихыңызға тікелей әсер етеді. Жақсы несие тарихы банктің сізге ірі көлемде несие беруіне кепілдік береді. Сондықтан бұл ережені сақтау өзіңіз үшін пайдалы болмақ. Сондай-ақ, мерзімі өткен несие пайда әкелмейтіні белгілі, себебі банктер төлем мерзімін бұзғаны үшін айыппұл салады. 

Несиені 30% -дан асып кетпейтіндей қолданыңыз

Пайдаланылған ақшаның сомасы берілген лимиттен неғұрлым аз болса, несие тарихы соғұрлым жақсы болады. Банктер өздеріне берілген несие лимитінің барлығын жұмсайтын клиенттерді ұнатпайды. Егер сіз несие лимитінің 30%-дық шегінен асып кетсеңіз, сіз "қолайсыз" клиент тізіміне енуіңіз мүмкін. Мұндай жағдайда несие пайызы өсе береді. Қарызға кіру, несиегерлер қарызынан құтылудан әлдеқайда тез. 

Несие келісімшартына үлкен мән беріңіз

Банк қызметіне келісімшартқа отырмас бұрын, құжатпен жақсылап танысу керек. Әр банктің өзінің несие шарттары бар: олардың әрқайсысының ерекшелігі мен өзгешелігі болуы заңды. 

Келісімшарттың әрбір бетін, сондай-ақ, майда жазылған жазуларын оқып алған дұрыс. Көп жағдайда дәл осы майда жазуларда сіз опық жеп қалатын ақпарат жазылады. 

Несие картасының есебін тексеріңіз

Біріншіден, кейде есепте дәлсіздіктер, олқылықтар кетуі мүмкін. Себебі банктер де қателіктерден сақтандырылмаған. Екіншіден, есепті тексеру сіздің шығындарыңызды ретке келтіреді. Несиелік карта туралы есепті тексеру - несие тарихын жақсартудың тағы бір мүмкіндігі. 

Сонымен қатар, банк ұқыпты несие төлеушілерге үнемі жақсы бонустар ұсынады. 

Табыс пен шығын арасында тепе-теңдікті сақтаңыз

Несиелік карталар табыс емес, жеке ақша емес. Біз күнделікті сатып алуларды несие картасымен төлеуге дағдыланып, бұл туралы жиі ұмытып кетеміз. Бұл несие лимитінің 30% шегінен асып кетуі мүмкін.

Көбінесе банктер несие лимитін арттыруды ұсынады, бірақ бұл мәселені шешу емес. Өйткені, жоғары лимит сізді одан да көп ақша жұмсауға "итермелейді". Сондықтан, жақсы және жаман жақтарын өлшеп, несие желісі өскен жағдайда "жеңілдік кезеңінде" қарызды өтеуді игергеніңізге көз жеткізіңіз.

Несие карталары - бұл кіріс емес, жеке қаражат та емес. Күнделікті тіршілікте осы нәрсені ұмытып, майда-шүйде заттарды сатып ала береміз. Оның салдарынан несие лимиті 30%-ға дейін жоғарылайды. 

Банктерде ұсынылатын бөліп төлеу құралы арқылы тұтынушы ауыртпалықты сезінбейді, дейді  GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық.

"Банктерде бөліп төлеу құралы бар және оны пайдалануға болады. Оның пайызы да төмен, ауыртпашалығын сезінбейсіз. Қандай да бір қымбат тауарды сатып алған соң, қаражатын бөліп төлеу отбасылық бюджетіңізге шығын алып келмейді. 

Несиелік карталарды қолдануда абай болған дұрыс, өйткені ол жерде нақты уақыт қойылады. Төлем уақыты өтіп кеткен жағдайда, сізге міндетті түрде пайыз қойылады", - дейді Мақсат Халық.

Картадағы ақшаны шешіп алмаған дұрыс

"Шешіп алсаңыз, оған қосымша пайыз жүреді. Өзіңіздің жауапкершілігіңізді сезінсеңіз және қаражат лимитті толық құртып тастамайтындай құзіреттілігіңізге, өзіңізді басқара алатыныңызға сенімді болсаңыз, несие картасын қолдануға болады. Себебі бізде көрсеқызарлықпен берілген қаражатты құртып, кейін айлап жүріп толтыра алмай, пайызын өсіріп алатындар бар. Картамен төлеген жағдайда сізде 50-60 күнге дейін (әр банкте әртүрлі) пайызсыз қайтаруға мүмкіндік болады", - дейді экономист. 

Қазақстандық банктер арасында бүгінде Халық банк, Forte bank, Хоум кредит, Jýsan Bank сияқты бірқатар алдыңғы қатарлы банктер бүгінде тұтынушыларға несие карталарының әртүрлі типтерін ұсынады. Олардың проценттері мен жеңілдік мерзіміне тоқталайық:

Хоум Кредит энд Финанс Банк «Дос» аталатын несие картасын ұсынады. Мөлшерлемесі  25% , 5 айға дейін бөліп төлеуге болады. Несие лимиті 2 млн теңгеге дейін.

Каспий банк ұсынатын Каспий ред несие картасы 150 000 теңгеге дейін қаражатты лимитсіз қолдануға болады. Мұнда қызметтер мен тауарларды 3 айға бөліп төлеу жүзеге асырылады. 

First Heartland Jýsan Bank несие карталарының екі түрін ұсынады:  «Cashback PLUS (Mastercard World Elite)» картасы мөлшерлемесі 22,00%, ақша шығарып алған жағдайда 3% алынады.

Ал екінші несие картасы «Cashback PLUS (Mastercard World Debit)» мөлшерлемесі 27,54%, ақша шығарып алған жағдайда соманың 3%-ы алынады. 

Халық Банк тұтынушыларына әртүрлі несие карталарын ұсынады мөлшерлемесі 23-28%-ға дейін. Ақша шығарып алған жағдайда соманың 3%-ы алынады. 

Forte bank клиенттеріне 55 күнге кепілдендірілген, пайыздық мөлшерлемесі 28,68 % болатын несие карталарын ұсынады.

Несиені пайдалану қағидаларын сақтау артық шығын мен несие карталарында қаражатты барынша тиімді және оңтайлы қолдануға көмектеседі.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2020 12:32
Талқылау