"Табысымнан нан апаруға қорқатын едім": Бағлан Әбдірайымов қарызға кірген кезін баяндап берді
“Жігіттер” тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов құмар ойынға тәуелді болып, қарызға кірген сәтін есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Подкастан скриншот
"Ұрпақ" подкастында өнер иесі қарыздан құтылу үшін отбасына өтірік айтқанын да жасырмады.
“Күйеуі құмар ойынға салынса, әйелі бірден үйден кетіп қалады. Бала-шағаны жинап, қолын бір сілтейді. Өйткені ол кісіден болашақ көрмейді. Егер адам өзінің күйеуінің дұрыс емес жолда жүргенін көретін болса, бірінші кезекте бала-шағасының тәрбиесін ойлайды. Өйткені ол күнде концерт қойса, көшедегі нәрселерін үйде жасайтын болса, күнделікті үйге проблема кіргізе беретін болса, онда шынымен де бала-шағаның психологиясы бұзылады. Сондықтан кетіп қалудан басқа амал болмайды. Ал енді кейде әйел ер азаматының немен айналысып жүргенін білмей қалса, отбасыны сақтап қалуға болады", – деп бастады әңгімесін әнші.
-
"Көліксіз қалып, біраз уақыт жаяу жүрдім": Бағлан Әбдірайымов ел алдында жан сырын ақтарды
-
"5 миллион теңге жабамыз": Бағлан Әбдірайымов халықтың несиесін төлеп бермек
Сонымен қатар эстрада жұлдызы құмар ойыннан тапқан табысын үйге әкелуге қорқатынын жеткізді.
“Менің келіншегім құмар ойынға тәуелді болғанымды кейін білді. Ол кезде әбден қарызға батқан кезім еді. Тіпті, отбасымды сақтап қалу үшін өтірік айттым. "Мен ойнап жүрмін, күшті екен, мен бүгін ұттым" деп айтсам жағдай басқаша болар ма еді. Бірақ тіс жарып, ештеңе айтпадым. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ауылдан әке-шешемді көмекке шақырдым. Кемшілігің бар болса, оны ешқашан үйде отырып айтпа. Кейде бұл нәрсе сені құтқарып қалады. Осы нәрсенің дұрыс емес екенін, табысы да дұрыс емес екенін білеміз. Осы дұрыс емес табыстан үйге бір нан апаруға немесе басқа бір ас апаруға қатты қорқатынмын. Осындай кішкентай ғана ниетім отбасымды сақтап қалуға септігін тигізген шығар деп ойлаймын", – деді өнер иесі.
Еске салайық, әнші құмар ойынға тәуелді адамдарға арнап, фильм түсіріп жүргенін жазған едік.