Табиғи таза өнімдер ғана: Өскеменде ерлі-зайыпты кәсіпкерлер түйе мен қодас жүнінен тоқылған киімдер сатады
Шығыс өңірінде күз бен қыста жылы киімнің түр-түрін сатып алу әсте шығын емес. Қайта қатал климат соған итермелейді. Әйтсе де суықтың өзін жаңа кәсіп бастаудың кілті деп білген іскер жандар қазір бірнеше сауда нүктелерін ашып, жұмыс қамымен қарбалас. Жүннен тоқылатын өнімдердің түр-түрін саудаға шығарған Гүлназ Қасенованың киімдері қара суыққа тойтарыс беріп, көпшілік тарапынан едәуір сұранысқа ие.
"Еңбек ептілікті сүйеді" деген қағиданы серік еткен жан Моңғолиядан брендтік өнімдер әкеліп, халыққа қолжетімді бағамен ұсынуда. Әлбетте, Құдай қосқан қосағы қашанда демеп жүреді. Бастама ретінде қолға алған істерін келешекте одан әрі ауқымды етуді жоспарлаған. Осы орайда Үржар ауданы Мақаншы ауылынан шыққан іскер әйелмен жолығып, кәсібі жайлы толығырақ сұрастырып көрген едік.
Табиғи таза өнімдер сатылады
Негізінен істің бастамашысы – Гүлназ Жакенқызының жұбайы. Қайрат Болатбекұлы осыдан бес жыл бұрын Өскемендегі Кәсіпкерлер палатасына барып жоспарымен бөліскен. Яғни Шығыс Қазақстанның климатына сәйкес қалың киімдер саудалау. Сосын өмірлік серігі сол кездегі "Бастау" жобасы бойынша бизнес-жоспар қорғап, 1,9 миллион теңге көлемінде грант ұтады. Сөйтіп, ойлаған кәсіптерінің бір шеті шыға бастаған. Мұндай еңбектің өнбегі мол екендігін байқап, дайын өнімді сонау Моңғолиядан алдырып, сатылымға шығарады.
Шаһар тұрғындары қалың киімдерді алып киіп көрген еді, таң-тамаша болып сұранысты арттыра түскен. Жалпы, Гүлназ Қасенованың мамандығы – медицина қызметкері. Негізі сауданы 2017 жылы бастаған. Арада жылдар өткенде декреттік демалысқа шықты. Әйтсе де арқасүйер азаматы тұрғанда үйде бос отыруды құп көрмей, тауар сатуды сол күйі үзбеді. Табыстың болғаны жақсы ғой, дегенмен дәл осылай дайын өнімдерді сатуға бастапқыда қысылғаны жасырын емес.
“Басында ұялғаным рас. Бірақ жолдасым бұл істің тиімді екенін айтып, ақыры көндірді. Аз уақыттан соң біз сатып жатқан тауар шынымен де мол сұранысқа ие екенін түйсіндім. Киімдердің сапасы жоғары, оған қоса өңір бойынша басқа жерлерден табу қиын. Күйеуім нарыққа көз жүгіртіп, егжей-тегжейлі ойластырды. Егер барлығы ойдағыдай шықса, онда бәскелестік жағынан саудалап жатқан киімдеріміздің бәсі жоғары болмақ”, – деді Гүлназ Жакенқызы.
Иә, жұбайы Қайрат Болатбекұлы бұл істің жолы ашық екендігін о баста түсінген. Онымен қатар сапасына көңілдері толған көпшілік "киімдер қай жануардың жүнінен тоқылған?" деп сауал қойса керек.
“Сатылымға шығарған тауарларымыз – түйе мен қодастың жүнінен тоқылатын табиғи таза өнімдер. Еліміз бойынша түйе жүні өте аз, ал қодас республикамызда мекен етпейді. Моңғолияда бұл жағына біршама көңіл бөлінген әрі жіпті де өздері иіреді. Өскеменде киімнің бағасын анағұрлым қымбаттатып сатады. Ал мұндай бағаны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді”, – дейді Гүлназ Қасенова.
Өзіндік бағытын тауып келе жатқан кәсіптің бір ерекшілігі – бас киім, қолғап, шұлық, жейде сынды киім-кешектің бағас сапалылығына сәйкес қолжетімді. Маңыздысы сол, бірнеше сауда нүктелерінде табиғи таза өнімдерді ізін суытпай алып қоятын көрінеді. Себебі әр киімге өз бағасынан сәл ғана асырып қосады. Табиғи өнімдер келісімшарт негізінде Моңғолияның бірнеше компаниясынан жеткізілуде.
Мақсатын ақиқатқа айналдыруға асық
Гүлназ Жәкенқызы кәсіптерін әлі де жетілдіре түсуді жоспарлаған. Бастысы, Моңғолиядағы кәсіпкерлермен байланыс орнатылған, сауда шеңберінің одан әрі кеңейері сөзсіз. Қазір жұрт жиі тұтынатын синтетика, синтепон сынды материалдардың жазда ыстық, күзге қарай суық тартатыны рас. Гүлназ Қасенованың айтуынша, әкелінген киімдер аязды күндері жылуды жақсы сақтап, жағымсыз иіс қалдырмайды.
“Емдік қасиеті де бар. Қазіргі ауа сапасының нашарлауынан көп адамның буыны сырқырап, тізелері қақсайды. Арнайы жақпамайларды қолданған соң ыңғайына қарай киім кисе едәуір сеп. Әсіресе түйе жүнінің пайдасы орасан”, – дейді сатушы әйел.
Гүлназ Қасенова бала күтімінен де шашау шығармай отыр. Жұбайымен жұптаса 2018 жылы бірнеше ғимарат жалға алған. Жұмыс жүріп тұр. Қазіргі қамтып отырған нүктелері – облыс орталығындағы "Океан", "ЦУМ" сауда үйлері. Кәсіпкерлер жанұясы әкімдік тарапынан қолдау көріп отырғандықтарын жеткізді. "Гүлназым" жеке кәсібінің шығарар өнімі көбейіп, өңірдің бірқатар аудандарына тарайтындығына сенім мол.
“Бастау бизнес” жайлы
"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады.
Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең.
“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:
- Жастар (29 жасқа дейін);
- Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
- Қандастар, қоныс аударғандар;
- Мүгедектігі бар адамдар;
- Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.
Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн.
2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek порталы арқылы бере аласыз.
Дайындаған Әділхан Есімханов