Табиғи апаттардан тұрғын үйді сақтандыру жалпыға бірдей міндеттеле ме – Қаржы нарығын реттеу агенттігі өкілі жауап берді
Фото: freepik.com
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үкіметпен бірлесіп табиғи апаттан тұрғын үйді міндетті сақтандыруға қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр. Сақтандыру сомасы мен шарттары заң жобасы аясында белгіленбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында тұрғын үйді табиғи апаттан сақтандыру жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, сақтандыру жалпыға бірдей міндеттеле ме, ол туралы шешімді құрамына халықаралық даму институттары кіретін жұмыс тобының ұсыныстары негізінде үкімет қабылдайды.
“Қазір апат қауіптерін сақтандырудың түрлі модельдері қарастырылып жатыр. Азия даму банкінен, Дүниежүзілік банктен техникалық көмек тартылды. Әлемдік тәжірибе бірде-бір жеке сақтандыру жүйесі апат қауіптерімен өз бетінше күресе алмайтынын көрсетіп отыр. Бұл бірнеше деңгейді қамтитын көп деңгейлі жүйе – бюджеттік төлемдер, ерікті немесе міндетті сақтандыру. Апат қаупі жоғары елдерде міндетті сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр. Ол үшін мемлекеттік қолдау қоры түріндегі жеке заңды тұлғаны құру қажет болады. Мұндай қорлардың қаржысы апатты жағдай туған кезде тұрғындарды қолдау үшін бастапқы төлем жүргізуге арналған”, – дейді Мария Хаджива.
Ол заңды әзірлеу барысында Испания (қор 1939 жылы құрылған), Германия және Франция (1960 жылдары құрылған) тәжірбиесі зерделенгенін атап өтті.
“Ешбір елде қор апат кезінде туындайтын тәуекелдерді өз бетінше толықтай жаба алмайды. Бұл – мемлекет те, жеке сақтандырушы да қатысатын жүйе”, – дейді ол.
Агенттік өкілі сақтандыру сомасы да заң жобасы аясында шешілетінін атап өтті.
"Барлық ұсыныс халық бюджетіне салмақ салмайтындай сақтандыру сомасын белгілеуді көздеп отыр. Жұмыс тобына арналған мерзім белгіленді ол осы жылдың қыркүйек-қазан айлары”, – деп түйіндеді сөзін Хаджиева.
Еске салсақ, 2024 жылы 11 маусымда үкімет халықты табиғи апаттан қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдаған еді. Ашық НҚА" порталында жарияланған заң жобасында мұндай сақтандырудың жылдық құны 1 мың теңгеден 20 мың теңге аралығында болуы мүмкін екені айтылған.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
