Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Табиғи апат айтып келмейді: Тарихтағы ең ірі ТОП-5 су тасқыны

Бүгінде Азия елдері ауыр су тасқыны салдарымен күресіп жатыр. Соның бірі сенбі күні Оңтүстік Кореяда орын алған апаттық жағдай. Екі күн бойы толассыз жауған жаңбыр су тасқыны мен көшкінге әкеліп, салдарынан 39 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Корея билігінің хабарлауынша жаңбыр 9 шілдеден бастап тоқтаусыз жауып, 5 мыңға жуық адамды эвакуациялауға тура келген. Соңғы орын алған оқиғаны ескере отырып, Stan.kz ақпарат агенттігі әр кезеңде болған табиғи апаттарға тоқталып өтті. 

Петербургте жалпы саны 330-дан аса су тасқыны орын алған

1824 жылдың 19 қарашасында Нева өзені мен арналарындағы су деңгейінің 4,14 - 4,21 метрге көтерілуі салдарынан су тасқыны орын алған. Су тасқыны басталмай тұрып, қалада жаңбыр жауып, суық жел соққан. Ал кешкі уақытта арналардағы су деңгейі күрт көтеріліп, қаланың бәрі тасқын су астында қалған. Материалдық шығын шамамен 15-20 миллион рубльді құрап, 200-600-дей адам қаза тапқан.

Бұл Санкт-Петербургте болған жалғыз су тасқыны емес. Қалада жалпы саны 330-дан аса су тасқыны орын алған. Бір қызығы, ең алғашқы апат Санкт-Петербург Швеция Королдігінің бақылауында болған тұста, яғни 1691 жылы орын алған. Бұл оқиға швед жылнамаларында айтылады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, сол жылы Невадағы су деңгейі 762 сантиметрді құраған.

Бұл Янцзы өзенінің тасуынан болған жалғыз апат емес

Қытайда алапат су тасқыны 1931 жылы болды. Айтып келмейтін апаттан жалпы саны 3,7-4 миллион адам қаза тапқан. 

1928-1930 жылдары Қытай қатты құрғақшылықтан зардап шекті. 1930 жылдың қысында қарлы боран басталып, көктемде  толассыз жаңбыр жауып, қардың еруі салдарынан Янцзы және Хуанхэ өзендеріндегі су деңгейі айтарлықтай көтерілді. Мысалы, Янцзы өзенінде шілде айында су мөлшері 70 см-ге дейін жоғарылаған.

Соның салдарынан өзен арнасынан асып, көп ұзамай Қытайдың астанасы болған Нанкин қаласына жетеді. Тұрғындардың басым көпшілігі тырысқақ, іш сүзегі сияқты су арқылы таралатын жұқпалы аурулардан қайтыс болады. 

Айтпақшы, бұл Қытайдағы Янцзы өзенінің тасуынан болған жалғыз апат емес. Сондай-ақ су тасқыны 1911 жылы (100 мыңға жуық адам қаза тапты), 1935 жылы (142 мыңға жуық адам қайтыс болды), 1954 жылы (30 мыңға жуық адам қайтыс болды) және 1998 жылы (3656 адам қайтыс болды) орын алды.

“Зұлым сенбі” қайдан шықты?

1530 жылы табиғи апат Әулие Феликсте орын алып, 100 мың адамның өмірін жалмады. 

1530 жыл, 5 қараша. Әулие Феликстегі Фландрия (Нидерландының тарихи аймағы) және Зеланд провинциясының көп бөлігін су шайып кетті. Кейіннен апат болған күн "зұлым сенбі" деп аталды.

15 мың адамның өмірін қиған Бурчардидағы су тасқыны

1634 жылы 11 қазаннан 12 қазанға қараған түні дүлей дауыл салдарынан Германия мен Дания су астында қалды. Сол түні Солтүстік теңіз жағалауының бірнеше жерінде су қоймалары жарылып, Солтүстік Фризияның қалаларын су басқан.

Әулие Мария Магдалина апаты

1342 жылдың шілдесінде Мария Магдалина мерекесі күні (католиктік және лютерандық шіркеулер оны 22 шілдеде атап өтеді) Орталық Еуропада ең ірі су тасқыны болды.

Бұл күні Рейн, Мозель, Майн, Дунай, Везер, Верра, Унструт, Эльба, Влтава өзендерінің суы және олардың салалары төңіректегі жерлерді басып қалды. Кельн, Майнц, Майндағы Франкфурт, Вюрцбург, Регенсбург, Пассау және Вена сияқты көптеген қалалар табиғи апаттан зардап шекті.

Апатты зерттеушілердің айтуынша, бірнеше күн қатарынан толассыз жаңбыр жауған. Құрғақ топырақ мұндай мөлшердегі суды тез сіңіре алмағандықтан, үлкен аумақты су басқан. Жалпы қаза болғандардың саны белгісіз болғанымен, тек Дунай аймағында 6 мыңға жуық адам суға батып кеткен деген болжам бар.

Мозамбикте соңғы 50 жылда болған су тасқыны

Ал, ХХІ ғасырда орын алған табиғи апаттардың қатарына Мозамбиктегі су тасқынын жатқызуға болады. Атаулы оқиға Мозиамбикте 2000 жылы орын алды. 

Су тасқыны бес аптаға жуық толассыз жауған жаңбыр салдарынан болған. Нәтижесінде 700-ге жуық адам қаза тауып, 1400 км² егістік жерге зиян тиген. Сондай-ақ, 20 000 мал табыны іс-түссіз жоғалып кеткен. Бұл Мозамбикте соңғы 50 жылдағы ең үлкен су тасқыны еді. Ақпан айының аяғында болған су тасқыны безгек пен диареяның көбеюіне себеп болды. 

"Қызылағаш оқиғасы"

Келесі мысал күллі қазақстандықтардың қасіретіне айналған "Қызылағаш оқиғасы". Айтулы апат 2010 жылы 11 наурыздан 12 наурызға қараған түні орын алған. Қызылағаш су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы Қызылағаш ауылын шайып кетеді. Салдарынан 150 адам жоғалып, 37 адам қаза болған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяның орталығы Чонджу қаласында су басқан жер асты жолынан 13 адамның мәйіті табылғанын жазған болатынбыз. 

Талқылау