Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызымды мүгедек етті": Алматыда мас ер адам бойжеткеннің көзінен ұрып, көру қабілетінен айырды

Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында “Қазақстаннан кетіңіздер, мұнда қыздарды қорлауға жол берілген” деп жазба жариялады. Онда Алматыда концерттен шыққан соң мас ер адам тиісіп, сол көзінен ұрып жіберген қыздың оқиғасы баяндалған. Соққы салдарынан қыз 98%-ға көру қабілетінен айырылған. Ал кінәлілер тиісті жазасын алмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Деректерге сай, екі қыз концерттен шыққан соң такси тоқтатып тұрған. Сол кезде мас ер адам оларға келіп тиісе бастаған. Құрбысына араша болып, қарсылық танытқан қыздардың бірі ұялы телефонын алып, ер адамның әрекетін видеоға түсіргісі келген. Сол кезде азамат оның сол көзіне қатты соғып жіберген. 

“Бірнеше талдаулар мен ауруханадағы тексерістердің нәтижесі қызымның мүгедек болып қалғанын көрсетеді. Көзі небәрі 2% ғана көреді. Дәрігерлердің болжамы аянышты. Уақыт өте келе екінші көзі де көру қабілетін жоғалтуы мүмкін”, – деді қыздың анасы. 

2022 жылы олар Алматы қаласында сот медициналық сараптамадан үш рет өткен. Дегенменсараптамаларда қыздың ауыр соққы алғаны жазылмаған. 

“Үшеуінде де орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіру деп шығарып берді. Қызымның сол жағдайға дейін көру қабілеті -4, -2,5 болған, көзілдірік киетін. Сараптамадағылар қызымның 98%-ға көрмей қалғанын мойындамай, онсыз да көру қабілетінің төмен болғанын дәйек етуде. Алайда -4 пен -2,5 болса ота арқылы 100%-ға жеткізіп емдеуге болатын еді. Енді міне, қызымның көзі тек 2% ғана көреді”, – деп қосты анасы. 

Қыздың анасы сот сараптамасымен мүлде келіспейтінін айтып, наразылығын білдірді. Ол IT маманы болып оқыған қызының енді технологиялармен жұмыс істеуге денсаулығы жарамайтынын айтты.

Кінәлі адам іс жүзінде жас қыздан ешқандай кешірім сұрамаған, көмек те көрсетпеген. Тек қылмыстық жазадан құтылу үшін өкінетінін айтыпты. ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 2-бөлігіне сәйкес оған ең көбі 3 жыл мерзімге жаза беріледі. Алайда оның бұрын соттылығы жоқтығын және өкінгенін ескере отырып, бас бостандығынан шектеу жеңілдеуі мүмкін. Ал жас қыз өмір бойы көру қабілетінен айырылып, мүгедек болып қалды.

Талқылау