"Сюцай" атын жамылған рухани алаяқтар қоғамды адастырып жүр – Депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстанда "Сюцай" жүйесінің атын жамылып, жалған уағыз таратып жүрген топтар көбейіп бара жатқанын айтып, бұл құбылысты рухани алаяқтық және менталдық індет деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, өзін "Сюцай маманы" немесе "рухани ұстаз" деп таныстырған адамдар халыққа ғылыми негізі жоқ кеңестер беріп, ақылы тренингтер мен семинарлар арқылы азаматтардың сенімін пайдаланып пайда табады.
"Қазір “Сюцай” атын жамылған кейбір топтар рухани даму мен өзін-өзі тану деген желеумен елді адастырып жүр. Бұл – қоғамның рухани қауіпсіздігіне қатер төндіретін, нағыз алаяқтықтың түрі", – деді Сарым Мәжіліс отырысында.
Ол мысал ретінде елімізде кең тараған "Сюцай" курстарын атады.
“Бұл жүйе өзін "адамның ішкі әлеуетін ашуға арналған сандық психология" ретінде таныстырғанымен, шын мәнінде эзотерикалық және діни сипаттағы коммерциялық жобаға айналып отыр. Олардың көбі лицензиясыз, тіркелмеген тұлғалар мен ұйымдар. Олар жабық форматта семинарлар өткізіп, өз уағыздарын таратып жүр", – деді депутат.
Айдос Сарым мұндай қозғалыстардың көбейгенін "рухани пандемия" деп сипаттап, әлеуметтік желілерде жалған "коучтар" мен "псевдоғалымдардың" көбейіп кеткенін сынға алды.
"Ондай семинарлар мен курстарға мыңдаған адам қатысып, ақшасын жоғалтып жатыр. Кейбіреулер мұндай “коучтарға” тәуелді болып, тұтас отбасылар мен ұжымдар зардап шегуде. Тіпті мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың кейбір басшылары да осындай тренингтерге миллиондаған қаржы бөліп отыр", – деді ол.
Депутат бұл мәселені құқықтық және ақпараттық тұрғыдан бақылауға алу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай ұйымдар азаматтардың сенімін пайдаланып, дәстүрлі құндылықтар мен ғылымға қарсы жалған идеология таратып жүр.
"Мемлекет алаяқтықпен, киберқылмыспен және секталармен күресіп келеді, бірақ осындай рухани алаяқтарға қарсы нақты шара жоқ. Мемлекеттік органдар “Сюцай” сынды ұйымдарды бақылап отыр ма? Олардың психологиялық және материалдық зияны зерттеліп жатыр ма?" – деп сұрады Сарым Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған сауалында.
Сонымен қатар, депутат халықты жалған ағымдардың ықпалынан қорғау үшін кең көлемді ақпараттық және ағартушылық жұмыстар жүргізу керектігін айтты.
"Мұндай коучтармен күрес тек тыйым салумен шектелмеуі тиіс. Біз қоғамның ақпараттық иммунитетін қалыптастыруымыз қажет. Бұл – мемлекеттің, ғылымның және ата-аналардың ортақ міндеті", – деді Сарым.
Оның пікірінше, бұл бағытта ведомствоаралық үйлесімді саясат қажет. Мәжіліс депутаттары заңнаманы жетілдіруге және нақты шаралар қабылдауға дайын екенін жеткізді.
"Азаматтарды рухани уланудан қорғауымыз керек. Бірақ ондай адамдарды “қудаланған батырлар” деңгейіне көтермей, заң аясында әрекет еткен жөн", – деп түйіндеді депутат.

Дженнифер Лопестен Real Madrid-ке дейін: Әлемдік жұлдыздардың келуі Қазақстанға қандай пайда әкелді
