Ай сайын 20 мың теңге шәкіртақы беріледі: Қазақстандықтар қысқа мерзімді курстан соң жұмысқа қалай орналасқандарын айтты
Қазақстанда еңбек бағдарламасы аясында бүгінде отандастарымызға бос жұмыс орындары ұсынылумен қоса, кәсіптік бағдарлау жүргізіліп келеді. Бұл дегеніміз азаматтар сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта білім алып, өздеріне жақын кәсіптің иесі атана алуға мүмкіндік алды деген сөз. Екі жылдан бері жүзеге асып келе жатқан сұранысқа ие мамандықтарға арналған курстар мұның дәлелі. Бағдарламаға соңғы жылы 1000-нан аса қатысуға жіберілген. Олардың 900-ге жуығы бүгінде жұмыспен қамтылып отыр. Stan.kz тілшісі аталған курсты тәмәмдаған және жұмысқа орналасып, табыс тауып отырған қазақстандықтармен сөйлесті.
Өткен жылғы статистика бойынша, Алматы қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығымен 1031 адам қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберілді, олардың 981-і оқуды аяқтап, 893 адам жұмысқа орналастырылды.
2017 жылдан бері нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қысқа мерзімді кәсіптік курстар өткізілген.
Осы жылы қазақстандықтар арасында ең жиі таңдалған мамандықтар тізімі келесідей болған:
- тігінші;
- есепші;
- кондитер;
- аспаз;
- шаштараз;
- маникюр шебері;
- веб-дизайнер;
- автоэлектрик;
- визажист;
- SMM менеджері.
Бұл – жұмыссыз азаматтарға және бағытын ауыстырғысы келетін қазақстандықтарға арналған таптырмас мүмкіндік. Бірнеше ай бойы азаматтар теориялық және практикалық білім алады. Курсты аяқтағаннан кейін білім алушыға сертификат беріліп, жұмысқа орналасуға жағдай жасалады. Толықтай курс барысында қатысушыларға 20 949 теңге көлемінде шәкіртақы беріледі.
“Көбінесе курс тыңдаушыларына теориялық бөлімге емес, сабақтар кестесін өзгерту және практикалық сабақтарды көбейту туралы ұсыныстар түседі, азаматтардың барлық тілектері ескеріледі.
Биылдан бастап Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі таңда курстар мен оқуға жұмысқа қабылдау әлі басталған жоқ. Мамандықтар мен оқу орталықтарының тізімі әлі бекітілмеді. Басқа уәкілетті органдармен ұйымдастыру мәселелері шешілуде. Болжам бойынша, курстарға жазылу 2022 жылдың мамыр-маусым айларында басталады”, – дейді кәсіптік оқыту бөлімінің маманы Нұрғали Ташкенбаев.
Алматы тұрғыны Марат Тойғұлов қаладағы көлік жөндеу орталығында автомеханик маманы. Осыдан бірнеше жыл бұрын Марат көлік жөндеумен ара-тұра айналысып, жұмыс істеп жүрген. Содан соң пандемия басталып, жұмысы тоқтап, жұмыссыз қалғандардың бірі. Бір жыл бойы жұмыс іздеумен болған ол, жұмыссыз ретінде тіркелгенде, қысқа мерзімді сұранысқа ие мамандықтар жайлы біледі. Оның арасында өзіне жақын көлік жөндеу мен бояу ісі барын көргенде қуанып, курсқа қатысуға ниеттенген.
Марат Тойғұлов, автокөлік жөндеуші
“Өзіме ұнайтын, жақсы білетін саламды одан да тереңірек меңгерсем деп шештім. Сондай-ақ, жеке ТЖО ашсам деген жоспар құрдым. Жұмыстағы әріптестерімнен курс туралы білдім. Сертификаты бар маман боламын деп ниеттендім.
Онлайн оқу кезінде бізге көлікті бояу кезінде қандай химиялық құралдар қолданады, қауіпсіздік ережелерін, қоспаларды пайдалану керектігін білдім”, – дейді курсқа қатысушы.
Оның айтуынша, жұмыссыз жүрген жастар үшін бұл бағдарлама өте құнды. Ай сайын 20 мың теңге көлемінде ұсынылатын шәкіртақы да курстың жақсы артықшылығы дейді.
“Қаншама жастар бос жүр. Еңбек етіп, ақша тапса, тамаша мүмкіндік. Жеке басым бұған дейін білмеген тиімді ақпараттар мен білім алдым”, – дейді Марат.
Осы курсты оқып, жұмысқа орналасқан Алматылық 49 жастағы Мадина Султыговадан тәжірибесі жайлы сұраған едік. Қазіргі уақытта ол тігінші болып жұмыс істейді. Жарты жыл бұрын ғана жұмыссыз отырған әйел бүгінде табыс тауып отырғанына қуанышты.
Мадина Султыгова, тігінші
“Үй шаруасымен айналысып, бала қарайтынмын. Тігінді ұнататын болғандықтан, осы бағытты таңдадым. Қыркүйекте 3 айлық оқу басталды, бірақ бір жарым ай ғана оқыдым. Себебі Ресейге анама барып келу керек болды. Осыған қарамастан ұйымдастырушылар курс оқуыма мүмкіндік берді, жағдайыма қарады. Тіпті бір жарым ай ішінде бұған дейін білмеген көптеген маңызды ақпаратты алып, қабілетімді жетілдірдім.
Менімен бірге тағы оннан аса әйел курсқа қатысты. Бұған дейін үйде анда-санда тігінмен айналысатынмын.
Курсты бітірген соң, осында басшылық қалып жұмысқа орналасуға болатынын айтты. “Қолыңнан келеді” деді. Бұған дейін тігін тігуге икем бар еді. Анам бала кезімде тігінші болатын, бізді анау-мынауға үйрететін. Сондықтан өзім үшін тігін тігіп жүретінмін. Бірақ өнеркәсіптік машинамен жұмыс істей алмайтынмын”, – дейді Мадина.
Келіншек жұмыс істейтін тігін компаниясы арнайы киім дайындап шығарумен айналысады.
Оқу процесі кезінде тігіннің барлық кезеңдерімен таныстырды: жекет, көйлектер, қалта тігу, жаға жасау. Капюшон, арнайы киімдер тігемін. Оқу оффлайн форматта өтті. Курс өте ұнады. Басшылық та, ұжымым да жақсы. Әдіскерлердің оқыту тәсілдері ұнады. Бес ай бойы жұмыс істеп жатырмын”, – дейді ол.
Алматы қаласының тағы бір тұрғыны Замира Юсупова курсты тәмамдаған, визажист мамандығын меңгерген. Осыған дейін қонақүй бизесінде әкімшілік қызметте жұмыс істеген ол жаңа мамандықты меңгергісі келгенін айтады.
Замира Юсупова, визажист
“Халыққа қызмет көрсету орталығы маған сәйкес келетін бағытты таңдауға жәрдемдесті. Визажист мамандығы маған жақын. Себебі әдемілікті жақсы көремін. Қиялымды қосып, қолдан әсем дүниелер дайындағанды, жаңа нәрселерді жасаған ұнайды. Сондай-ақ, адамдармен де сөйлесу маған өте оңай.
Бұл курсты анамнан естідім. Оның құрбысы да осы курстарға қатысқан екен. Сондықтан бірден келісе кеттім.
Үш айлық курста “Дидар” білім беру орталығында тәжірибе жинадым. Курстың өту барысы мен оқытушылардың әдіс-тәсілдері тиімді болды. Жақсы көңіл күй сыйлады. Онлайн түрдегі курс топпен өтті. Түсіністі тілде түсіндірілді. Бояну құралдарын әрқайсысын талдап, көрсетті. Тәжірибе бір айға созылды. Бет бояудың әртүрлі түрін үйрендік. Кешкі, таңертеңгі. Мен қатысқан топта 10-15 адам болды. Қызым мектеп табалдырығын аттаған соң қазір жұмыс істеуге уақытым болмай кетті. Сондықтан қазір сәл демалыс алып, жұмысқа қайта кіріскелі отырмын”, – дейді Замира.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
