Сынақтан сабақ алдым: Кенжебек Жанәбілов науқас балаларға арнап мектеп ашпақшы
Кенжебек Жанәбілов өзге әріптестері ұқсап өнер мектебін емес, науқас балаларға арналған мектеп ашуды армандайды. Бұл туралы ол Stan.kz тілшісімен бөлісті.
– Кенжебек мырза, қайырлы күн. Көргенімізге қуаныштымыз. Алғашқы сұрақты жеке шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы…
– Осыдан біраз уақыт бұрын Мақпал Жүнісова апайымызбен дуэт жаздық. «Бақытты болыңдар» деп аталатын әнді сіздің оқырмандарыңыз, менің тыңдармандарым тыңдап үлгерген шығар. Осы әнге бейнебаян түсіруді мақсат етіп едік. Алайда, уақыттың тапшылығынан бір-бірімізбен кездесе алмай жүрміз. «Сабақты ине сәтімен» демекші Алла қаласа болашақта бейнебаян түсіріп, көрерменге міндетті түрде ұсынамыз.
– Серік Ибрагимовпен де дуэт жазып үлгеріпсіз..
– Иә, ол рас. Бірақ әлі жарыққа шықпады. Біріміз домбыра, біріміз гитара ұстап, екі дауыста ән айтып көрген едік. Өзімізге қатты ұнады. Кейін бір тойда Серік бауырымды кездестіріп қалып, біраз сөйлестік. Сол әңгіме барысында ол «Дуэт жазып, бірге сахнаға шығайық» деп ұсыныс тастады. Мен де қуана келістім. Жеңіс Сейдоллаұлының «Ардағым» деген әнін жазып бітірдік. Қазір өңделуде.
– Неліктен дуэт жазуға құмар болып жүрсіз? Әлде сахнада жеке ән айту қиын ба?
– Жоқ, мәселе жалғыздықтан жабырқауда емес. Дуэт жазу өзім үшін тәжірбие әрі ізденіс. Себебі, талғамы әртүрлі әншілермен бірге жұмыс жасау үлкен ізденісті талап етеді. Жалпы, бұл да бір жаңалық деп айтар едім.
– Ал, өзге әріптестеріңіз секілді өнер мектебін ашу ойыңызда бар ма?
– Әрине, менің де мектеп ашқым келеді. Бірақ, өнер мектебін бізден жолы да, жасы да үлкен, 2-3 шұлықты ерте тоздырған тұлғалар ашса жарасымды ғой. Ал, жеке өз басыма ерте. Үйретерімнен үйренерім көп. Мен науқас балаларға арналған мектеп ашуды армандаймын. Әр адамның басына АЛЛА сынақ береді. Сол сынақтан сабақ аламыз ғой.
Менің тұңғышым дүниеге келген кезде құлағының есту деңгейі төмен болды. Ұзақ жылдар емдетіп, талай жүгірдік. Мен ол сынақтың салмағын жақсы білемін. Өзім секілді балалары үшін жаны қалмай шипа іздеген жандарға көмектескім келеді. Осы мақсатта науқас балаларға арналған мектеп ашсам деген ниетім бар. Қазір ол мектепті ашу үшін не істеу керек деген сұрақтың жауаптарын іздеп, алғашқы қадамдарды бастаудамын. Болашақта міндетті түрде арманыма жеткен кезде сүйінші сұрап, жақсы жаңалығымды өздеріңізге алғаш болып айтамын.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Жіберіп алмаңыз:
Мақпал Жүнісова Инстаграмға “ішкен-жегенін” салатын әріптестерін сынап тастады
Асылым 1 жаста: Арман мен Ашаның тойға дайындығы қалай? (фото)