Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сұлтан Сүлейменнің рөлін сомдаған актер Түркияда түрме жазасына кесілді

Түріктің танымал актерлері атақты "Сұлтан Сүлеймен" телехикаясындағы Сүлейменнің рөлін сомдаған Халит Эргенч пен "Чукур" телехикаясының жұлдызы Рыза Коджаоғлуға сот үкім шығарды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот оларды Ыстамбұлда өткен наразылық акцияларына байланысты қозғалған іс аясында жалған куәлік бергені үшін кінәлі деп таныды. Сот шешімі бойынша Халит Эргенч 1 жыл, 10 ай және 15 күнге бас бостандығынан айырылды. Ал оның әріптесі Рыза Коджаоғлу 1 жыл 8 айға сотталды.

Алайда үкімнің орындалуы кейінге қалдырылды, бұл белгілі бір жағдайларда айыпталушыларға қатысты шешімнің өзгертілу мүмкіндігін білдіреді.

Істің толық мәліметтері жария етілмеген. Белгілісі — екі актер де бұл істе куәгер ретінде тергеліп, тергеу барысында шындыққа сай келмейтін мәлімет берген. Дәл осы жайт олардың айыпты деп танылуына негіз болды.

Бұл қылмыстық іс 2013 жылы Ыстамбұлдағы Гези саябағында экологиялық акция ретінде басталып, кейін билікке қарсы ауқымды наразылықтарға ұласқан жаппай митингілермен байланысты.

Халит Эргенч істе куәгер ретінде тартылған. Прокуратура оны сол оқиғалардың негізгі қатысушыларының бірі — актер әрі белсенді Мехмет Али Алаборамен байланысы тұрғысынан тергеген. Эргенч екеуінің арасында жақын қарым-қатынас болмағанын айтқан. Алайда оның бұл сөздеріне телефон арқылы сөйлескен жазбалар мен наразылықтар кезінде бірге түскен фотосуреттер қайшы келді

Бұл оқиға қоғамда, әсіресе актерлердің жанкүйерлері арасында үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде сот шешімі қызу талқыланып, көпшілік актерлерге қолдау білдіріп, үкімнің әділдігіне күмән келтіруде.

Айта кетейік, Халит Эргенч "Мың бір түн", "Сұлтан Сүлеймен" ("Ғажайып ғасыр"), "Сен — менің Отаным", "Қызыл Ыстамбұл", "Вавилон" және басқа да жобаларда басты рөлдерді сомдаған. 2015 жылы ол Әзербайжанда түсірілген "Али мен Нино" романының экранизациясына қатысқан.

Рыза Коджаоғлу "Чукур", "Кузей мен Гюней", "Жарқыраған жалын" телехикаяларындағы рөлдерімен танымал. Сондай-ақ ол "Жақсы адамның 10 күні", "Жаман адамның 10 күні" және "Тұзақ" фильмдерінде де ойнаған.

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 25 Мамыр, 2025 11:05
Талқылау