"Светсіз болмайды қаншама шығынға баттық": Маңғыстауда электр энергиясын шектеуден кәсіпкерлер де зардап шегуде
Маңғыстау облысында электр энергиясының шектеп берілуінен мұнай компаниялары мен тұрғындардан бұрын, кәсіпкерлер де зардап шегіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
видеодан скриншот
Аудандардағы елді мекендерде және Ақтау қаласында жарықты 2-3 сағатқа өшірген. Бірақ бұл әдіс өңірдегі шағын кәсіппен айналысатындардың қалтасын қағып жатыр.
Маңғыстау облысында өңірді су, жылу және тоқпен қамтып отырған "МАЭК" комбинатындағы екі энергетикалық блоктың жұмысы тоқтағаннан кейін электр қуаты кезең-кезеңімен 3-тен 5 сағатқа дейін циклдік түрде өшірілді. Алайда мұндай режим әсіресе азық-түлік дүкендері бар кәсіпкерлерге қиындық туғызды.
Мәселен, Мұнайлы ауданында шағын кәсібін жүргізіп отырған Назира Жәдігерова тоқты сөндіргелі қып-қызыл шығынға баттым деп отыр. Айтуынша дүкендегі балмұздақтары еріп кеткен. Ал сүт өнімдері ашып, ішуге жарамсыз болып қалыпты.
“Дүкендеміз, мұндағы балмұздақтар еріп кетіп жатыр. Тіпті лақтырып жатырмыз. Тауардың көбі бұзылыпжатыр. Біз шығынға ұшырап жатырмыз. Не үшін олай электр қуатын жалғаудың, қосудың басқа амалы жоқ па?! Үйде де сондай жағдай болып жатыр. Тоңазтқыштағы тамақтар шіріп жатыр. Таңертең сөндірді жарықты түнгі сағат 00:00-де бірақ берді”,- деп шағымданды кәсіпкер Назира Жәдігерова.
Ал ет пен балық сататындар жағдайымыз тіпті мүшкіл дейді. Тоқты сағаттап өшкенінен ет өнімдері сасып, жеуге жарамай қалған.
“Балықтарымның бәрі еріп жатыр. Электр жарығынсыз болмайды, қаншама шығынға баттық. Қоқысқа лақтырып жатырмыз балығымыздың көбісін. Тұтынушылардың бәрі балықтарың ескіріп кеткен деп кетіп қалып жатыр. 60 мың теңгенің орны жоқ болды менде”,- деді тағы бір кәсіп иесі Кәмшат Егембердиева.
Жергілікті билік мұндай қадамға амалсыз бардық дейді. Себебі, "МАЭК" комбинатындағы екі электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы қазіргі таңда екі есе азайып кеткен. Сондықтан электр қуаты 3-тен 5 сағатқа дейін циклдік түрде өшіріліп жатқанын айтады.
“Біздер осындай жағдайды болдырмау үшін жұмыс атқарып жатырмыз. "МАЭК" ЖШС қызметкерлері күні-түні осындай жағдайды болдырмай үшін қызмет етіп жатыр. Қазіргі апаттық жағдай болғаннан кейін тез уақытта апатты жоюға жұмыстар жасалуда. Жергілікті бюджеттен осы "Маэкке" 2,6 млрд тг қаражат бөлінген болатын. Үкімет басшысы осыны қарастырып 4,9 млрд теңге резервтен бөлінген болатын”,- деп мәлімдеді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев.
Жауаптылардың айтуынша, мұндай режим тағы бір аптаға жалғасады. Сондықтан оған дейін тұрғындардан сабыр сақтап күтуді сұрайды.