Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отадан кейін суық сумен жуынуға мәжбүрміз": Алматылықтар қаладағы ірі ауруханардың бірінде ыстық су жоғын айтып шағымданды

Алматы тұрғындары Наурызбай ауданында орналасқан 7-қалалық клиникалық ауруханасында ыстық судың мүлде жоқ екенін, суық сумен жуынуға мәжбүр екендерін айтып шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы тұрғыны Сандуғаш Сұлтан 7-қалалық клиникалық ауруханасына  8-шілде күні түскен. Айтуынша, сол күнмен бері ауруханада ыстық су мүлде болмаған. 

“9-шілде күні менің жатырыма ота жасалды. Мен келгеннен бері бұл жерде ыстық су жоқ. Менің түсінгенім бойынша бұл жерде жаз мезгілінде ыстық су болмайды. Жанымдағы әйелдердің бәрі операциядан шыққан. Босанған әйелдермен бірдей күтім көрсетілуі керек. Оларға суық сумен жуынуға, қолдарынан  суық өткізуге болмайды. Тіпті мұнда жуынатын орын да жоқ. Бұл ауруханада 18 операция залы, 1000 адамға арналған орын бар екен. Ауруханада ыстық су болмау деген сұмдық қой.  Басшылықтың маған түсіндіруі бойынша бұл жер тұйықта орналасқан. Сол үшін ысытылған су жер бетіне көтерілгенше салқындап кетеді екен. Бірақ бұл дұрыс емес қой. Демек басқа шешімі болуы керек. Ең болмағанда резервуар болуы тиіс емес пе”, – деп шағымданды ол.  

Алматы тұрғыны осы оқиға туралы баяндап, әлеуметтік желіде видео жариялағанын айтады. Бірақ аурухана басшылығы видеоны өшіруге мәжбүрлепті.

“Кеше таң атпастан аурухана басшылығы мені емдеп жатқан дәрігермен келіп, өшіріп тастауымды сұрады. Видео бір күнге жетпей 60 мыңға жуық қаралым мен пікір жинаған еді”, – дейді Сандуғаш Сұлтан. 

Stan.kz тілшісі осы мәселе бойынша Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына жүгінген болатын. Алайда ведомствоның баспасөз қызметі аталған аймақта құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын, жағдайға жауапты емес екендерін айтып ат тонын ала қашты.

Бұдан кейін мәселе туралы Алматы қаласы әкімдігінен сұрадық. 

“Біз бұл жөнінде хабардармыз. Қазіргі таңда мәселе шешіліп жатыр”, – дейді әкімдіктен. 

Кейін әкімдіктің баспасөз қызметі қосымша ақпарат беретіндерін жеткізді. 

Талқылау