Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суық хабарды естігенде қатты қорықтым": Ердоғанның сыйлығын алған шығысқазақстандық оқушы Түркия жұртына қолдауын білдірді

Шығыс Қазақстан облысында тұратын 3-сынып оқушысы Байжігіт Байкүбеновке осыдан бірнеше жыл бұрын Түркия Президенті арнайы сыйлық жіберген болатын. Абай Құнанбайұлының өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Режеп Ердоғанға жолдаған балақайдың үйіне Түркия елшілігінен меймандар да келген. Дегенмен бауырлас елде болып жатқан жағдайлар бүлдіршінді алаңдатпай қоймады. Stan.kz тілшісі тақырыпты тереңірек қамтып көрді.

Байжігіт Байкүбенов, жеке архивтен

Байжігітті Түркия телеарнасынан көрсетті

Тіпті алаң дегеннен гөрі күйзеліс деуге болады. Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылында кіндік қаны тамған Байжігіт қолында барын зілзала болған жаққа жіберуге әзір. Бірақ тақырыпқа толығырақ тоқталмас бұрын Режеп Таийп Ердоғанның сыйлығын қалай алғанына көз жүгіртіп өтейік. 

Барлығы 2019 жылдың күзіндегі челленджден басталды. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойында 9 жастағы Ләйлім Рысқали ақынның өлеңін жатқа оқып, эстафетаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдайды. Ал Байжігіт есімді тарбағатайлық бала эстафетаны Түркия басшысына бағыттауды ойға алған. Әкесі Дулат Байкүбенов ұлының бұл әрекетін қолдамаққа қам қылды. 

Бейнежазба желіге жүктелген соң көпшілік әлдебір қызық, болмаса таң-тамаша оқиға болады деп күтпесе керек. Арада бір жарым жылдай уақыт өткенде Анадолы жеріндегі TRT AVAZ телеарнасында Байжігіт жайлы сюжет көрсетілгені туралы хабар жетті. Содан Түркияның Қазақстандағы елшілігі хабарласып, әкесі мен ұлын елордаға шақырған. Ол жақтағы елшілік ғимаратында оқушыға Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчудың хаты, ipad mp3 player және Президент атынан Түркия туы бедерленіп, "Байжігіт" деген жазуы бар алтын білезікті сыйлады.

Ақпанда алған ақшасын AFAD қорына аударған

Ал былтыр мамыр айында түріктер Тұғыл ауылына табан тірейді. Нақты айтсақ, елшілік жаныңдағы білім бөлімінің басшысы Абдулмуталиб Четин мен Түркиядағы TRT AVAZ телеарнасының басшысы Мехмед Захид Алтайға ат ізін салған. Келген мақсаттары –  Байжігіттің туған жерімен танысу, үйін, білім алып жатқан мектебін көру. Меймандар мектепке барып, басқа да оқушыларға сыйлықтар берген. Ауылдық мешітке бас сұғып, Құран кітап таратты. Онымен қоса, жағдайы төмен 30 отбасына азық-түлік түрінде көмек берді.

Сол бейнежазбадағы Байжігіт қазір үшінші сыныпта оқиды. Stan.kz тілшісіне бауырлас ел алапат зілзаланы өткеріп жатыр дегенді естігенде қандай күйде болғанын айтып берді.

"Суық хабарды естігенде қатты қорықтым. Іштей күйзеліп, уайымдай бастадым. Түрлі жаңалықтар телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы тарады. Үйінді астында қалған ата-аналар тірі табылып, балалар аман болса екен деп тіледім", – дейді оқушы.

Тарбағатайлық оқушы ақпан айының 9-ы күні аудандық Мәдениет үйінде М.Мақатаевтың кешіне қатысқаны үшін ақшалай сыйлық алған екен. Қолына тиген ақшаны бірден Түркия жұртына көмек ретінде AFAD қорына аударыпты. Байжігіт түрлі ақпараттарды естіп, әлі күнге дейін алаңдап жүреді.

"Түрік ағайындардың амандығын тілеп отырмыз"

Осы ретте кейіпкеріміздің әкесі Дулат Байкүбеновті сөзге тарттық. Оның сөзінше, зілзаланы құлағы шалған бойда Түркиядағы түрік бауырларына WhatsApp желісі арқылы хабарласқан.

"Жауап болмады бірақ. Кейін өздері бейнеқоңырау арқылы байланысқа шықты. Көздерінен парлап аққан жас апаттың салдарын айтқызбай-ақ ұғындырды. "Біз үшін Аллаға дұға етіңіздер" деп өтінді. Менің де көзімнен жас ыршып кетті. "Сендермен біргеміз, дұғадамыз" дедім. Сосын Түркия жұртына қолұшын беру үшін азық-түлік, киім-кешек жинауды ойладық. Кейін AFAD қорына ақша аударуға болатынын білдік", – дейді ол. 

Қазір Тұғыл ауылындағы мешіт жамағаты қаржы жинап жатқан көрінеді. Дулат Байкүбенов былтыр Тарбағатайға келген TRT AVAZ телеарнасының басшысы Мехмед Захидтен қандай көмек екендігін сұраған. Ол негізінен жылытқыштар қажет депті. Содан жұрт жылытқыштар жинауға ден қойды.

"Мұнымен қатар ауыл әкімдігінің қызметкерлері біркүндік жалақыларын көмек ретінде аудармақ. Жалпы ауылдағы барша халық түрік ағайындардың амандығын, осы сынақтан аман-есен өтуін тілеп отырмыз", - дейді Дулат Байкүбенов.

Еске салайық, дүйсенбі, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында екі жер сілкінісі болды: жергілікті уақыт бойынша 04.17-де – 7,7 балл және 13.24-те – 7,6 балл. соңғы мәліметтер бойынша, Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісі құрбандарының саны 50 мыңға жеткен.

Президент Режеп Тайып Ердоған табиғи апат құрбандарына байланысты Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Түркияның мемлекеттік тулары бүкіл елде төмен түсірілді.

Жойқын жер сілкінісі көршілес елдерде, соның ішінде Сирия, Ливан, Грек Кипр және Иракта да сезілді. Соңғы мәліметтер бойынша, Сирияның Идлиб, Алеппо, Хама, Латакия және Ракка провинцияларында 3500-ден астам адам қаза тапты.

 

Байжігіттің түрік тілінде айтқан сөзінің аудармасы:
Ассалаумағалейкум Түрік ағайындарым! Сіздердің қайғыларыңызға ортақпын! Алла Сіздерге сабыр берсін! Сіздермен бірге мен де қатты қиналудамын. Сіздермен біргеміз! Алла жақсылық берсін!

 

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Талқылау