Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суды шелектеп төгуге тура келді": Петропавл қаласында бір ауданды еріген қар суы басты

Петропавлдың бір ауданы еріген қар суының астында қалды. Тұрғындардың сөзінше, баспаналары бірнеше сағаттың ішінде көлге айналған. Зардап шеккен халық бұған қыс бойы қар шығармай жайбарақат отырған жергілікті билікті кінәлайды. Ал әкімдік өкілдері тұрғындар арықтарды қоқыспен бітеп тастағандықтан су үйлерді басып жатқанын мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

су басу

Людмила Луценконың сөзінше, еріген қар суы үйінің еденінен асып, жарты сағаттың ішінде бүкіл бөлмеге жайылған. Салдарынан жиһаздары мен өзге де мүлкі су астында қалыпты. Су ортасында тұрған пеш те істен шыққандықтан, қара суықта қалғанын айтады.

“Кеше осында түнеп шықтық. Үй суық, ылғал басқандықтан сыртқы киіммен оранып жаттық. Түні бойы суды аңдып отырамыз. Біздің көшеден бірде бір рет қар шығарылмады ғой. Енді бәрі еріп, үйімізге келіп жатыр”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Людмила Луценко.

Үш күннің ішінде төтенше жағдайлар департаментіне үш жүзге жуық қоңырау түскен. Көбі жер үй, қора-қопсы, аулаларында толған суды қалай шығару керек екенін білмейді. Тіпті ешкімнен көмек болмаған соң кейбірі өз күштерімен шелектеп тасып жатыр екен. 

“Енді еденіміз шіріп жатыр. Линолеум түкке жарамсыз болып қалды. Су тұрған үйдің қабырғаларынан сызат кетеді. Осының бәрін кім ауыстырып береді? Жарты миллион теңге қаражат керек. Әкімдіктен суды шығаруға көмек сұрасақ, үлгермей жатқандарын айтты. Сосын шелектеп төгуге тура келіп отыр”, – деп қосты Петропавл қаласының тұрғыны Анастасия Виценко. 

Жергілікті билік өкілдері орын алған жағдайға тұрғындардың өздерін кінәлайды. Өйткені көбі аулаларын қардан тазаламаған, үйдің алдындағы арыққа қыс бойы қоқыс төгіп бітеп тастағанын мәлімдеді. Салдарынан еріген қар суы үйлерге қарай ағып жатыр дейді. Сондықтан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төленбейді екен.

“Тұрмыстық қалдықтарды осы суағарларға тастаған фактілер кездесуде. Ол да жұмысқа кедергі. Оның үстіне наурызда нормадан екі есе көп қар жауды. Сондықтан барлық көшелерді қардан тазартып үлгермедік. Бұл ретте біз өзімізден де ешқандай жауапкершілікті алмаймыз”, – деп мәлімдеді Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова. 

Жергілікті билік коммуналдық қызметкерлердің тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтады. Бір аптаның ішінде 45 мың текше метр су сорылыпты. Бірақ еріген қар суы әлі де сай-саладан ағып, баспаналарға қайта кірген.

Талқылау