"Суды хлормен тазартып ішеміз": Түркістан облысында екі ауылдың халқы мердігердің кесірінен ауыз суға мұқтаж
Түркістан облысы Келес ауданында екі ауылдың халқы ауыз суға жарымай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мердігерлер бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінгеніне қарамастан, екі ауылды суға қарық қыла алмады. Тапсырыс алған компания тіршілік көзін үш жылдан бері таппай келеді. Соның салдарынан ауыз судан тарыққан халық арық суын ішуге мәжбүр.
Ақжол ауылындағы көшелердің жолы шұрық-тесік. Мердігер су жүргіземіз деп әдейі қазып кеткен. Бірақ құбырлар тартылғанымен, біріне бірі жалғанбаған.
Арғы көшемен бергі орталық көшеге өтетін көшенің аралығында балалар түсіп кетіп жатыр. Мал түсіп кетеді. Кеше біреуін тартып шығардық. Жабыны жұлынып кеткен”, – деді Ақжол ауылының тұрғыны Исматулла Нұрәлиев.
Алты мыңнан аса адам тұратын Ақжол мен Қауыншы елдімекендеріне ауыз су тарту жұмыстары екі жыл бұрын басталған. Оған 864 миллион теңге қаржы бөлінген. Ұзаққа созылған құрылыс қалың қауымның шамына тиді.
“10 қарашада береміз деген, бермеді. Көктемде сәуір айында тағы береміз деген . Кешегіде шілдеде береміз деді. Енді тамызда береміз деді. Әлі су жоқ”, – деді ақжолдық Гауһар Жораева.
Қазір екі ауылдың халқы Өзбекстаннан келетін каналдың суын тұтынуға мәжбүр. Оның өзін қолдан қазған құдыққа толтырады.
“Суға түнде кішкене хлор саламыз. Оған микроб өлсін деп марганцовка қосамыз. Соны ішеміз, амал жоқ, басқа су жоқ”, – деді Ақжол тұрғыны Анатолий Ткаченко.
Биыл ақпанда берілуі тиіс тіршілік көзі әлі жоқ. Салаға жауаптылар су көзі 840 метрден шыққанын айтады. Мердігерді әкімдік өкілдері сотқа беріпті.
“Бұл бойынша құзырлы органдар да шағым бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Не себептен кешігу жұмыстарының жүргенін анқтамақ болды. Қазіргі таңда сот мердігер мекемені жұмысын толық және сапалы аяқтатуға міндеттеп отыр. Айыппұл салынды”, – деп мәлімдеді Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бақытжан Шырынбеков.
Мердігер алдағы он күнде ауыз су қосылады деп уәде берді.
“Алматыдан сорғыларға тапсырыс беріп қойғанбыз. Ертең келсе, жөндеуді жасап бастаймыз. Одан кейін ауылға қарай бастап көрсетеміз”, – деді мердігер компанияның сенімді өкілі Сабыржан Садықбеков.
Ауылдықтар мердігердің мұндай уәдесінен әбден шаршағанын айтады. Жуық арада ауыз су берілмесе, арызды Астанаға арқалаймыз дейді налыған халық.