Су тасқыны: Алматы облысында алып бұршақ жауып, арты нөсер жауынға ұласты
Алматы облысы Кеген ауданында бұршақ аралас жаңбыр жауып, салдарынан таудан су тасып, жолдарды шайып кетті. Алматы-Кеген тас жолы су астында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Облыстық төтенше жағдай департаменті түстен кейін басталған жаңбырдың сағат 17:00-де басылғанын мәлімдеді. Тасқын су Ақсай ауылына жақын жолды басып қалған.
Араға уақыт салып “ҚазАвтоЖол” республикалық маңызы бар жолдың да су астында қалғаны туралы мәлімет берді.
“Сейсенбі күні сағат 16:00 шамасында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Ұзынбұлақ ауылына жақын республикалық маңызы бар Көкпек-Кеген-Түп жолының жанындағы таудың баурайында су тасыды. Тасқын судың ұзындығы 100 метр, ал биіктігі 8-10 сантиметрге жетті”, – делінген хабарламада.
Жолдың бұл бөлігінде су өткізгіш құбырлар екі жерден жұмыс істеп тұр.
"ҚАЖСервис" ЖШС Алматы облыстық филиалының мамандары жасақталып, суды ағызып, уақытша жол белгілерін орнатып жатыр. Ол үшін 5 бірлік техника мен жеке құрамнан 8 адам жұмылды.
“Сағат 19:30-ғы жағдай бойынша су тасқыны тоқтады. Жол қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Кезекшілік орнатылды”, – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.