Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіпті жануарларды босатпай кеткен": Алматылық ерікті ит-мысыққа көмектесу үшін cу басқан өңірлерге ұшып барды

Алматылық журналист, блогер Арайлым Диханбай елдегі табиғи апатқа алаңдап, үйінде отыра алмаған. Әуелі ол Instagram-дағы парақшасы арқылы көмек қолын созайық деп, жылу жинай бастады. Арайлымның 20 мың оқырманы бар. Нәтижесінде оқырмандарынан 200 мың теңге жиналған. Бірақ ол мұндай қаражатты жай жібере алмай, арнайы Ақтөбеге ұшып барды. Ерікті апатты жағдайға ұшыраған өңірден көрген-білгенін Stan.kz-ке айтып берді.

Фото Арайлым Диханбайдың жеке архивіненФото Арайлым Диханбайдың жеке архивінен

“Ақтөбедегі көрініс теңіздің үстіне үй салғандай”

Арайлым 3 сәуір күні қалтасына оқырманы жинап берген ақшаны салып, Ақтөбеге ұшып барған. Халықты бетпе-бет көріп, не керек екенін сұрап, қаржыны адамдардың қажетіне жұмсағысы келген. Оның айтуынша, жағдай өте қиын. Ауыл түгел суға батып тұр.

“Ақтөбенің ғана ауылын көрдім. Ойылға бармақ едік, ол жаққа тек қайықпен өту керек екен. Онсыз да қайық тапшы, жағаласпайын дедім. Оның үстіне Қобдаға қарағанда Ойылға көмек жақсы барып жатыр екен. Сомен Қобдаға бардық. Көрсең, теңіздің үстіне үй салған сияқты көрініс, үйдің бәрі қираған. Ауыл азынап бос тұр. Үйінен айырылған адамдар біреудің неше жыл тұрмаған ескі үйін ақтап, ештеңесі жоқ болса да, тұрғалы жатыр. Тіпті ауыстыруға киімдері жоқ. Мектепке алып баратын құралдары, балабақшаға баратын баласының аяқкиімі жоқ”, – деді Арайлым күрсіне.

Артынша Қобдадағы көмек қажет 4 отбасының нөмірін алып, оларға сұрағанын апарып беріпті. Төрт отбасының бірінде көпбалалы ана біреудің ескі үйін ақтап жатыр екен. 20 мың теңге төлеп тұрамыз деп келісіпті.

“Ойымыздағыны емес, халыққа шын керек нәрсені алу үшін әкімдікке де, еріктілерге де хабарластық. Түсінгенімше, бәрі жеткілікті. Ең дұрысы ақшалай бергеніміз екен. Төрт отбасы спорт киімі мен аяқкиім сұрады. Сонымен оларға 11 аяқкиім, 8 спорт киімін, суға киетін резеңке етік, дәрі-дәрмек, сабын, кір жуатын ұнтақ және тағы басқа кішігірім заттар алдық. Үйіп-төгіп, молынан көмектескенге не жетсін. Әттең қолдың қысқалығы көңіліңді байлайды. Сөйтіп Қобдаға барып, 4 отбасының бәріне кезекпен жолықтық. Апарған заттарымыздан бөлек, әрқайсына 5 мың теңгеден үлестірдік. 200 мың теңге естігенге аз, сезгенге көп шығар бәлкім. Қаражатты аз деуге аузым бармайды. Өйткені бұл жай ғана ақша емес, жүз адамның жанашырлығы, жүз жүректің тілегі, жүз жүректің уайымы еді”, – деді алматылық ерікті.

Видеодан скриншотВидеодан скриншот

Арайлым халыққа көмекті ақшалай берген дұрыс деп отыр. Осындай қиын жағдайда ол Ақтөбе халқының адамгершілігіне көңілім толды дейді.

"Теңіздің құрсауында қалған ауылды көрдік, несін айтайын. Жағдай өте қиын. Қазақ байғұс бар ғұмырын үй салып, бала өсіріп, бір малын екеу етуге арнайды. Халықтың сол еңбегі бір сәтте жоқ болды. Қарапайым халық шетелді де, ауылынан басқасын да көрмейді. Сол ауылдың өзі де қазір оларға бұйырмай тұр. Дегенмен Ақтөбенің халқы бір-бірі үшін қатты күйеді екен. Мен сол күні саудасын ойлаған саудагер көрмедім. Заттарды өз бағасына берді. Өзге клиенттерін ұмытып, өзара жылу жинап, жаңа аяқкиімдерін бізге табыстап, қиналған отбасыларға беруімізді өтінді. Сіздерге айтарым, халыққа қол ұшын созғыңыз келсе, көлікке зат тиеудің қажеті жоқ. Ақшалай көмектесіңіз, қиындықта қалған отбасының өзіне тікелей табыстаңыз”, – дейді ол.

“Панажай деген аты болмаса, иттердің жағдайы нашар”

Арайлым Ақтөбеден Алматыға келгенде оқырмандары тағы да ақша жинап, жануарларға көмектесейік деп ұсыныс айтыпты. Бұл бекер емес. Себебі Арайлым Instagram-дағы парақшасында “Арай атындағы жануарлар академиясы” деген әзіл-шыны аралас атпен танымал. Өзі жануарлармен дос. Парақшасына достарымен бірге түскен видеоларын жариялап, жан-жануарды ренжітпеуге үндейді.

“Күнде оқырманымнан ит-мысықтың суда қалған видеосы келе берді. Оқырманмен өзара біраз талқыладық. Сомен ойлана келе тағы да “сбор” аштым. Оқырмандарым 145 мың жинады. Бастапқыда Құлсарыға бармақ едім, бірақ жалғыз барып жануарларға көмектесе алмайтынымды түсіндім. Сомен билет күйді, Қостанайға билет алдым. Ұшақтан түсе сала қалалық және орталық акиматқа бардым. Олар судың тоқтағанын, адамдарды көшіргенін, аман қалған ит-мысықтарды құтқарғанын айтып, енді су басқан аймақтарға бармаймыз деді. Қостанайда жағдай Ақтөбедегіден басқаша. Халық мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдаған сияқты. Жергілікті тұрғыннан естігенім: су тасқыны болатыны туралы хабар 2-3 күн бұрын әкімдік тарапынан айтылыпты. Бірақ халық кеш қимылдапты”, – деп әңгімеледі алматылық.

Ерікті өзі сияқты өзге волонтерларға қосылғысы келгенімен, ит-мысыққа көмектесетін топты таппапты. Басқа амалы болмағасын жануарларға арналған паналарды іздепті. Қостанайда екі үлкен пана (приют) бар екен. Қазір біріне 130, екіншісіне 150 ит орналасқан.

“Көбі су тасқынынан құтқарылған иттер. Біразын иелері байлап, өздерімен алмай кетіп, суда қалдырыпты. Қостанайда Жанна есімді еріктімен танысып, сол кісінің көлігімен екі приютқа 20 келі азықтан 12 қап алып бардық. Приюттың біреуі қала ішінде, екіншісі Тобылдағы саяжайда екен. Панажай деген аты ғана болмаса, иттердің жағдайы өте нашар. Айнала толған қоқыс. Өлексе сасып жатыр, ауа жоқ. Ауру боп шығасың. Жағдай жасалмаған. Негізі жануарларға арналған панажайдың мақсаты үйсіз-күйсіз жануарларды емдеп, күтім жасап, жаңа қожайынына табыстау ғой. Ал мына лас жерге жануарын жоғалтқан адам ғана іздеп келмесе, асырап алуға келмейтін сияқты. Тілім жазықты бәлкім, бірақ көзбен көргенім бар, ішкі түйсігім бар: бұл жануарларды қожайындары бизнес үшін пайдаланатындай көрінді. Жағдайы тым нашарларды таргетке салып, сол арқылы ақша жинайды екен. Ал ол қаражат қайда кетіп жатқаны белгісіз”, – дейді ерікті Арайлым Диханбай.

Видеодан скриншот

Волонтер бүгінгі апатты жағдай адам үшін де, жан-жануар үшін де қиын екенін айтты. Оның сөзінше, адамның басына күн туса, қаша алады, көмек сұрай алады. Бірақ жануарда ондай мүмкіндік жоқ.

“Сондықтан су құрсауында байлаулы қалған қауқарсыз жануарларды құтқаруға күш жұмсайық. Арамыздан еріктілер тобы жиналып, су басқан өңірлерге барып, жануарларға шығуымыз керек. Жануардың жолында күш біріктірейік. Жазықсыз жануарлар ана жақта қиналып жатқанда біздің қол қусырып отырғанымыз жарамайды”, – деп түйіндеді Арайлым.

 

Еске салайық, алдын ала мәлімет бойынша бүгінде Ақтөбеде 136 үй мен мыңнан астам саяжайды су басқан. Ал Ақтөбе облысында 11 сәуірдегі дерек бойынша су тасқынынан 3 200-ден астам мал арам өлген.

Сонымен қатар Қостанай, Арқалық, Амангелді, Жанкелді, Қарасу және Қостанай аудандарының аумағында табиғи сипаттағы ТЖ режимі жарияланған. Қазір аймақ бойынша 51 тұрғын үй мен 66 аула аумағы су астында қалған. Су тасқыны кезінде өңірден 10 мыңға жуық адам құтқарылды.

Талқылау