Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су құбыры салынбаған, ЖЭО әлі дайын емес": Сенат депутаты Ұлытау облысының инфрақұрылымын сынады

Сенат депутаты Серік Шайдаров палатаның жалпы отырысында Ұлытау облысындағы мәселелерді көтерді. Депутат тозығы жеткен инженерлік және жол инфрақұрылымы, сапалы ауыз судың жетіспеушілігі мәселелерін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ҚР Парламент Сенаты / видеодан скриншот

Шайдаров осы мәселелерді айтып, премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, 2021 жылы аяқталуы тиіс болған Есқұла құбырының құрылысы әлі бітпеген. Жезқазған қаласын сумен жабдықтайтын жобаға бөлінген қаржының 530 миллион теңгесі игерілмей қалған. Нысан да сол күйі тапсырылмапты.

"Жобаны аяқтауға биыл 427 млн теңге қарастырылған. Сіз, Ұлытау облысына сапармен барған кезде, осы жылдың маусым айында кестеге сәйкес нысанды тапсыру туралы тапсырма бердіңіз. Алайда қазірге нысан пайдалануға берілмеген, жауапты министрлік жағынан бақылау болмады. Жалпы, нысан биыл берілмейді деген күдік бар", - деді Шайдаров.

Сенатор Жезқазған қаласында жылумен қамту мәселесі де әлі шешімін таппағанын атап өтті. Айтуынша, негізгі энергетикалық жабдықтар әбден тозған. 

"Қаладағы ЖЭО-ның жылыту маусымына дайындығы мәселесіне де тоқталғым келеді. Өңірге барған кезде біз осы нысанды аралап, жөндеу жұмыстарының орындалу барысымен таныстық. Ондағы негізгі энергетикалық жабдықтардың тозығы жеткен. Станциядағы қазандық агрегаттарының орташа тозуы 74 пайызды, турбиналардың тозуы 63 пайызды құрады. № 8, 10-шы қазандықтарды жаңарту іс жүзінде жүргізілмеген. Негізгі жабдықтар бойынша күрделі жөндеу бекітілген мерзімде атқарылмағанын ескерсек, алдағы жылу беру маусымы басталатын кезде бұл жабдықтардың дайын болмауы қаупі бар", - деді сенатор.

Талқылау