Су, кәріз, жол және жарық мәселесі: Алматыда тұрғындар жарықтың жиі сөнуіне қатысты наразылық білдірді
Алматыда Рахат-Мәдениет шағын ауданының тұрғындары жарықтың жиі сөнуіне байланысты ереуілге шығып, жолды жаппақ болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындардың Stan.kz тілшісіне жіберген бейнежазбасынан скриншот
6-7 қыркүйекте тұрғындар Тоқбай ата мешітінің жанындағы стадионға жиналып, наразылықтарын жеткізді. Айтуларынша, екі жылдан бері су мен жарық жиі сөндіріледі. Қалада тұрғанымен, қалалық су орталығынан емес, жеке ұйымнан алатындарына шағымданды.
“Суды қалалыққа өткіземіз дегендеріне бірнеше жыл болды. Бірақ әлі орындалған жоқ. Ал электр қуатына байланысты шағым айтқанымызда, ұнамаса, өшіріп отырыңыздар деп өзімізге жекіп тастады. Сәл жел тұрса, жарықтан айырыламыз, тіпті жел болмаған күндері екі-үш сағат электр қуатынсыз отыруға мәжбүрміз”, – деді Мәдениет шағын ауданының тұрғыны.
Жиналған тұрғындар топ болып, арыз жазды.
Айтуларынша, бұл шағын ауданда шешімін таппаған мәселе көп. Тіпті кәріз жүйесі орталықтанбаған. Әр үй өз кәрізін қазған. Сондай-ақ тұрғындар жолдың сапасына қатысты шағымдарын айтты.
“Жол шұңқыр, айқыш-ұйқыш, көлік пен автобустар әрең жүреді. Көше жолын дұрыстау үшін ортақ ақша жинадық. Орталық көшелерде халыққа арнайы тротуар жоқ, көше тар”, – деді тұрғын Stan.kz тілшісіне.
Алматы қалалық әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме беріп, олқылықтарды түзеу бойынша құжаттамалар дайындалып жатқанын мәлімдеді.
“Рахат-Мәдениет шағын ауданының тұрғындарын электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз ету үшін энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Жобалауды аяқтау мерзімі 2024 жылғы наурызға жоспарланған, содан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.
Сонымен қатар су құбыры мен кәріз тарату желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.
Жергілікті басқаруды орталықсыздандыру шеңберінде бұл жобаны Алатау ауданы әкімінің аппараты іске асырады. Бүгінгі таңда "Сапа Құрылыс-2007" ЖШС мердігерлік ұйымы анықталды”, – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алайда жол мәселесі бойынша сауалға жауап берілген жоқ.
Осыған дейін тұрғындар газ мәселесі бойынша шағымданған еді.