Стойлов: Қазақстанда футболшылар 70 мың долларға дейін жалақы алады
Қазақстандағы “Астана” футбол клубының бас бапкері болгариялық маман Станимир Стойлов өз сұхбатында ел футболшыларының жалақысы туралы да айтып өткен.
Фото: izvestia.ru
Бұл туралы sports.kz хабарлайды.
“Жақсы ойыншылар қашанда жақсы жалақы алады. Бұл шамамен 20-60 мың доллар аралығында. Тіпті біреулер 70 мыңға дейін алуы мүмкін. Бұл “Астана”, “Қайрат” деген мықты клубтарға қатысты, ал қалғандары шамамен 20-25 мың төлейтін шығар”, – деп өз ойын білдірді Стойлов.
Сондай-ақ, бас бапкердің айтуынша ойыншыға төлейтін жалақыдан бөлек, клубтың басқа да шығындары жетіп артылады. Мәселен, команда ел чемпионаты және Европалық турнирлерге байланысты ұшақпен көп ұшады. Бұл өз кезегінде ірі көлемдегі ұшақ отынын шығындайды. Мәселен “Астана” Лиссабонға чартерлік рейс арқылы ұшып бару үшін 500 мың доллар жұмсаған.
“Ішкі біріншілікте де үнемі ұшақпен ұшуға тура келеді. Ол жақтағы қонақүй мен басқа да шығындарға бөлек төлейді. Команданың 90 пайызы Adidas киімдерін, өнімдерін тұтынса, 10 пайызы Nike-ті қалайды. Оның өзіне 200-300 мың евро еркін кетіп қалады”, – дейді бас бапкер.
Бас бапкердің сөзінше, “Астананың” жылдық бюджеті 30 миллион доллар екен. Оның басым бөлігі жалақы мен сыйақыны есептемегенде жүріп-тұруға кетеді. Бірақ, маман миллион доллар жалақыға ойыны татитын топ-футболшылар қанша тартса да Қазақстанға келмейді дейді. Өйткені, Қазақстан Орталық Азияда орналасқан. Географиялық тұрғыдан футболшыларға бұл чемпионатта ойнау тиімсіз. Әрі Қазақстан чемпионатының Европада атағы, беделі жоқ.
“Есімдерін айтпай-ақ қояйын, қымбат әрі атақты футболшыны командаға шақырып көргенмін. Ол футболшы: маған 2-3 жылдан соң хабарласыңызшы деді. Ол Англия премьер-лигасында ойнайтын 30 жастағы спортшы болатын. Біз оны 2-3 жылдан соң шақырамыз, келгенімен де тағы 2-3 жылдан соң оның жасы келеді де, бізге керегі болмай қалады”, – деп түсіндірді Станимир Стойлов.
“Қазіргі таңда Қазақстан чемпионаты Болгария чемпионатына қарағанда деңгей жағынан жоғары. Анталияда оқу жаттығу жиыны кезінде мен қос елдің командаларын бақыладым. Бәрібір қазақстандық клубтардың деңгейі сәл де болса жоғары екен. Ал біздің ұжымдардан үздік деп тек “Лудогорец”, “Левскиді” айтуға болады”, – дейді ол.