Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Статистика комитеті адамның бір ай аш қалмай, өмір сүруіне 17 мың теңге жетеді деп санайды

17 590 теңге. Статистика комитетінің келтірген дерегіне сәйкес, бір адамның 30 күн бойы аш қалмай, үш мезгіл асын ішіп тұруы үшін,   осыншама  сомма  артығымен жетеді екен.  

 Статистика комитеті адамның бір ай аш қалмай, үш мезгіл асын ішіп тұру үшін 17 мың теңге жетеді деп санайды

Яғни, айына 17 мың теңге табатын адам, тоқшылықта өмір сүреді деп түсінуіміз керек қой?!  Алайда мұны естіген қарапайым жұрт, не күлерін, не жыларын білмей қалған сияқты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өйткені азық-түлік бағасы сағат сайын өсетін біздің елде бұл қаржы ары кетсе, бірнеше күнге ғана жетеді дейді. Осы мәселені шешу үшін заңгерлердің де айтатын өз ұсынысы бар. Бірақ заңгерлердің бастамасынан биліктегілер неге қашып отыр? 

"Азық-түлік қымбаттады, еттің бағасы өсті,  сүт  өнімдерінің құны артты". Күз мезгілі басталысымен, осындай жаңалықтан көз ашпадық. Кей тауарлардың құны 2-3 пайызға өссе, енді бірінің бағасы 15 пайызға бір-ақ артқан. Содан болса керек, азық-түлік сатып алуға келетін халықтың қалтасы біраз қағылатын болған.  

Алайда халық пен атқарушы билік мүлдем екі бөлек әлемде өмір сүретіндей. Статистика комитетінің дерегінше, ең төменгі күнкөріс деңгейі бүгінде 31 981 теңгені құрап отыр. Міне соның 55 пайызы, яғни 17 590 теңгесі бір кісінің бір айлық тамағына, қалған 45 пайызы өзге қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қарастырылыпты.  

Шынымен, мұны «фантастикаға» теңеуден басқа амал қалмағандай. Өзге қажеттіліктерді былай қойғанда, қазіргі нарықтағы бағамен 17 590 теңгеге бір ай бойы тамақтануға бола ма өзі? Оны анықтамақ болып, көтерме  бағамен сататын сауда орындарының біріне бардық. Себетімізді ең-ең керек деген ет, сүт, нан, маймен толықтырып, жеміс-жидек пен көкөністерге қарай бет бұрғанымыз сол еді.

Сондықтан көп ойланбай кассаға барымызбен барайық деп шештік.  

«Мына тамақ жетпейді. Мысалы қанша күнге жетуі мүмкін немесе қанша аптаға? Ой, мынау деген 2-3 күн ғой. Май қалады, ет қалмайды мысалы», - деді қала тұрғыны.

Нәтижесінде, ең арзанын, ең қажет дегенін алып, үнемдегеннің өзінде керек соммадан әлдеқайда асып түсті. Содан болса керек, қоғамда біздің  халық кедейшіліктің шегінде өмір сүріп келеді деген пікір. Оны заңгерлер де растап, биліктің төменгі күнкөріс деңгейі деп бекіткен 31 мың теңгесін мазаққа балап, мынадай ұсыныс тастады.

«30 мың теңгеге бір ай бойы өмір сүруге болады деп айтқан адамдардың өздеріне сол ақшаны беру керек.  Тұрып көрсін.  Әйтпесе халықты мазақ етіп бітті.  Мұншама  байлығы бар елдің халқы, осынша кедей тұруы мүмкін емес. Сондықтан біз ең төменгі күнкөріс  деңгейі 150 мың теңгеге дейін өсуі керек деген бастама көтеріп отырмыз. Қазір соған қатысты алғашқы жұмыстарды да бастадық», - деді заңгер Станислав Лопатин.

Алайда халыққа майдай жаққан бұл бастама, тіпті депутаттардың төбе шашын тік тұрғызғандай.  

«Дәл қазір 100 мың теңгеге дейін өсіруге мүмкіндік жоқ, әлі дайын емеспіз. Оған ерте. Ол объективті нәрсе», - деді депутат Мұхтар Ерман. 

Десе де "дайын емеспіз" деп камерадан қашқан шенділердің сөзін қоғам белсенділері жоққа шығарып отыр. Игерілмей, талан-таражға түсіп, не біреудің қалтасын толтырып жатқан  қаржыны қарапайым халыққа берген әлдеқайда дұрыс дейді.

«Оны апарады да, ұлттық қор сияқты қорларға салып қояды да, одан кейін оның қайда кеткені, қалай жұмсалғаны белгісіз, кейде мысалы үшін бюджеттің тапшылығын жасап жатырмыз дейді. Оны әр түрлі министрліктерге бөліп тастайды. Ол министрліктер ол қаржыны игере алмай немесе игеріп жатырмыз деп тендер арқылы талан-таражға салып жібереді. Көп жағдайда», - дейді қоғам белсендісі Қуандық Шамахайұлы. 

Осылайша, заңгерлер тастаған ұсыныстың жүзеге асатыны я аспайтыны әзірге белгісіз. Ол енді уақыт еншісіндегі мәселе. Ал сарапшылар, бастама жалғасын тауып жатса, халықтың еңбек өнімділігі артып,  әл-ауқаты да айтарлықтай жақсарар еді дейді.

Талқылау