Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Stadler вагондары сертификаттау сынақтарынан өтіп жатыр: Вагондар Қазақстандағы алғашқы 10 000 шақырым жолды сәтті еңсерді

Қыркүйек айында Астанада "Штадлер Казахстан" ЖШС зауытында өндірілген Stadler жолаушы вагондарын сертификаттау рәсімі басталды. Тестілеу Кеден одағының ТР ТС 001/2011 техникалық регламентінің талаптарына сай жүргізіледі және еліміздің барлық теміржол желісін қамтиды.

Вагондардың оңтүстік және шығыс өңірлерге алғашқы сынақ сапарлары сәтті аяқталды. Жаңа вагондар 10 000 шақырымнан астам жолды еңсеріп, тежеу жүйесінің, жүріс сипаттамаларының және қауіпсіздік элементтерінің сенімділігін растады. Осылайша, Қарағанды, Тараз, Шымкент және Өскемен тұрғындары теміржол бойымен өткен жаңа буын вагондарын алғашқылардың бірі болып көрді.
 
Отандық өндірістегі алғашқы вагондар биыл желтоқсанда "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға табысталмақ. Бұдан бөлек, Stadler компаниясы жылжымалы құрамға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Жалпы тапсырыс бойынша, 2030 жылға дейін 557 вагон шығаруды қарастырып отыр.

2026 жылдан бастап жаңа Stadler вагондары мына негізгі бағыттар бойынша қатынай бастайды:

  • № 3/4 Астана – Алматы
  • № 353/354 Астана – Семей
  • № 85/86 Астана – Шымкент
  • № 47/48 Астана – Атырау

Ұлттық тасымалдаушының арнайы тапсырысы бойынша жасалған вагондар Қазақстанның климаты мен маршруттардың ұзақтығын ескере отырып жобаланған. Жобаны іске асыру еліміздің теміржол саласын жаңғыртудағы және жолаушылар тасымалының жайлылығын арттырудағы маңызды қадам болмақ.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 06 Қазан, 2025 11:45
Талқылау