Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Стадионның сәні Аққоян ата": Қызылорда облысында 85 жастағы ақсақал марафондық жарыстарда дес бермейді

Қызылорда облысы Қазалы ауданында жүгіргенде ұзақ қашықтықты оңай бағындыратын, марафондық жарыстардың тұрақты қатысушысы атанған 85 жастағы зейнеткер тұрады. Жеңіл атлетикадан басқа түрлі спорт түрлеріне де қызығушылық танытқан ақсақал Аққоян Рысалиев жұртшылыққа кеңестерімен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

85 жастағы зейнеткер Спорттық жеңістері үшін ондаған марапаттар, алтын, күміс, қола медальдарға ие болған. Ақсақал спорт жарыстарына қатысуды зейнетке шыққан шағында қолға алған. Осы уақыт аралығында ол 18 марафондық жарысқа қатысқан.

"Таңертең менде күнделікті  30 шақырымға жүгіру, гимнастика мен серуендеу болады. Міндетті түрде  көлбеу жерлерде үш шақырым, түзу жолда төрт шақырымдай жүктеме аламын. Бұл жаттығулар денемді күнделікті жақсы қалыпта ұстауға және марафондық жарыстарда ұзақ қашықтықты оңай еңсеруге мүмкіндік береді", - деді марафоншы.

18 марафонға қатысқан Аққоян Рсалиев Қазақстаннан бөлек шетелдегі марафондарға да қатысады. Ол осыдан үш жыл бұрын Түркияның Анталия қаласында өткен марафондық жарыста жеңіске жеткен. Ауылдастары ақсақалдың әрдайым тұрғындарға ақылымен бөлісіп жүретінін айтады. 

"Бізге білгенінің бәрін үйретеді. Қалай дұрыс жүгіру керек, қалай тыныс алу керек, дене қалпын қалай сақтау керек, қандай жылдамдықты сақтау керек, жарыстың соңына дейін тепе-теңдік пен күшті қалай сақтау керек, бәрін көрсетеді. Оның осы кеңестері біз үшін бағалы", – деді Досымжан Камаладдин.

Қазалы ауданының тұрғыны Айдос Мейірімханның айтуынша, стадионның сәні Аққоян ата.

"Ол стадионға келгенде бәріне жан кіреді. Бізге салауатты өмір салтын ғана емес, оптимизм мен қайсарлықтың да үлгісін көрсетеді. Стадионның сәні Аққоян ата", – деді Айдос Мейірімхан.

Аққоян Рсалиев жеңіл атлетикадан бөлек футбол, күрес, бокс, шахматқа әуес. Спортқа деген сүйіспеншілік немерелері мен жергілікті жастарды тәрбиелеуде. Ақсақал денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің ең маңызды сыры да осында екенін айтады. 

Гүлсезім Мұхатай
Жексенбі, 14 Мамыр, 2023 08:25
Талқылау