Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұялы байланыс антенналары туралы мифтер: Ғылым не дейді?

антенна

Фото: pixabay.com

Соңғы жылдары елімізде ұялы байланыс инфрақұрылымын дамыту қарқыны артып келеді. Алайда жаңа антенналарды орнату кезінде кейбір тұрғындар арасында түрлі қорқыныштар мен жалған ақпаратқа негізделген пікірлер жиі айтылады. Мұндай жағдайлар әсіресе көпқабатты үйлердің шатырларына немесе арнайы байланыс мұнараларына базалық станциялар қойылғанда байқалады.

Қауесеттердің негізгі бөлігі – "радиация", "онкология", "бедеулік", "жүрек пен бас ауруына әсер етеді", "тұмау таратады", "электромагниттік өріс зиян" деген мазмұнда.

Бұл мақаланың мақсаты – аталған мифтердің қайдан шыққанын емес, ғылыми тұрғыдан неге дұрыс емес екенін түсіндіру.

Радиотолқын – кез келген сымсыз байланыстың негізі. Ұялы байланыс, Wi-Fi, Bluetooth құлаққаптар, радио, телевизия, рациялар – барлығы әртүрлі жиіліктегі радиотолқынға сүйенеді. Радиотолқындар – иондаушы емес электромагниттік сәуле. Яғни олар адам ағзасындағы химиялық байланыстарды бұзбайды, жасушаларды зақымдамайды және ДНҚ құрылымына әсер етпейді. Сол себепті радиотолқынды рентген немесе гамма-сәулелері сияқты қауіпті сәулелермен салыстыру –  қате.

Көпжылдық халықаралық зерттеулер де ұялы байланыс базалық станциялары мен қатерлі ісік арасында тікелей байланыстың жоқ екенін көрсетеді. Ғалымдардың қорытындысы бір: радиотолқындардың қуаты тым төмен, олардың биологиялық әсері жоқ.

Электромагниттік өріс (ЭМӨ) – тек антенналарда емес, кез келген тұрмыстық құрылғыда бар табиғи құбылыс. Тоңазытқыш, теледидар, микротолқынды пеш, сымсыз интернет, тіпті күнделікті қолданатын фен немесе үтік те ЭМӨ бөледі. Қазақстанда ұялы байланыс антенналары үшін рұқсат етілген деңгей – 1 см² аумақта 10 мВт. Бұл көрсеткіш әлемнің көптеген елдеріне қарағанда әлдеқайда төмен және адамның денсаулығына қауіпсіз деп танылған нормадан бірнеше есе төмен. Мемлекеттік уәкілетті органдар бұл көрсеткіштердің нормадан аспауын үнемі қадағалап, бақылап отырады. Тұрғындар тарапынан арыз-шағым түскен жағдайда, ұялы байланыс операторымен бірге көрсетілген мекен-жай бойынша барып, өлшем жүргізеді. Мысалы, Kcell/activ мамандарында осындай жағдайлар туындағанда өлшем жасайтын міндетті сертификаттаудан өткен құрылғысы бар.   

Кейбір азаматтар өздерін электромагниттік өріске "сезімталмын" деп санайды, бірақ медициналық тәжірибелер симптомдардың сәулеге байланысты емес, көбіне психологиялық факторлармен туындайтынын дәлелдеген. Бұл құбылыс ғылыми ортада психосоматикалық реакция ретінде түсіндіріледі.

ДДСҰ зерттеулеріне сәйкес бас немесе жүрек ауруы, қан қысымының өзгеруі, бедеулік, ұйқысыздық, иммунитеттің төмендеуі, тұмау сияқты аурулар мен радиотолқын арасында ғылыми дәлелденген байланыс жоқ. Мұндай шағымдардың нақты себептері көбіне:

Медициналық: инфекциялар, гормондық өзгерістер, жүктілік, гипертония, созылмалы аурулар, артық салмақ;

Сыртқы факторлар: күйзеліс, экология, ұйқының бұзылуы, шамадан тыс шаршау;

Өмір салты: дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің аздығы, зиянды әдеттер;
болып шығады.

Соңғы жылдары тараған "COVID-19 вакцинасы арқылы чип енгізілді" деген қауесет те – әлеуметтік желілерде пайда болған жалған ақпарат. Вакцинаның құрамында чип болуы мүмкін емес, ол ғылыми да, медициналық тұрғыдан да дәлелденбеген.

Ұялы байланыс антенналары туралы тарайтын мифтер ғылыми негізсіз және көбіне қорқыныш пен ақпараттың жетіспеуінен туындайды. Радиотолқындар адам ағзасына зиян келтірмейді, ал базалық станциялардағы сәулелену деңгейі халықаралық нормалардан бірнеше есе төмен.

Қазіргі қоғамда сапалы байланыс – экономикалық дамудың, қауіпсіздіктің және қолжетімді ақпараттың маңызды бөлігі. Сондықтан ғылымға сену, жалған ақпараттан сақ болу және тек ресми дереккөздерге жүгіну – әр тұрғынның өз қауіпсіздігіне қосқан үлесі.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 17:54