Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз тілін өзгелерге тықпалау естінің ісі емес": Депутат басқалардан қазақ тілін талап ететіндерге кеңес айтты

Фото: Мәжіліс отырысынан 

Депутат Ермұрат Бәпи мәжіліс отырысында қазақстандықтарды қазақ тіліне қатысты ой, талаптарын өзгелерге тықпаламауға шақырды. Айтуынша, тілді ерегісу құралына айналдырудың қажеті жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың пікірінше, соңғы алты айда жаңа конституциялық өзгерістерге қатысты бір жақты сындар көп айтылып жүр.

“Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауға тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек!

Иә, жаңа Конституцияның жобасына қатысты біраз сындар айтылып жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайды”, – деді ол.

Бәпи осы тұста "басқа пәле – тілден" дегенді алға тартып, халықты абай болуға шақырды.

“Қазіргі халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі құбылған геосаяси әлемде біз бұл "пәленің" қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз ешкімге мойын бұрып, қорқып жүретін ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керек-ті”, – деп қосты ол.



Депутат халыққа қазақ тілін өзгелерге тықпалаудың қажеті жоқ екенін айтты.

“Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда, есермен егесу естінің ісі болмайды”, – деді ол.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 11:58