Спорт министрлігі Александр Винокуровке қатысты жағдайға пікір білдірді
Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі "Астана" командасында Александр Винокуровпен болған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Мәдениет және спорт министрлігі Astana-Premier Tech велокомандасы мен Олимпиада чемпионы, танымал шабандоз Александр Винокуровтың арасындағы жайдан бейхабар. Еліміздегі спорт саласына жауапты мекеме болғанына қарамастан министрлікке бұл ауыс-түйіс жайлы хабарланбады. Мәдениет және спорт министрлігін бұл жайт қатты алаңдатады. Қазір "Астана" Президенттік спорт клубы мен оның қатарындағы барлық құрылымды Мәдениет және спорт министрлігіне беру процесі жүріп жатыр” , – деді министрлікте.
Ведомствода жақын арада барлық процесс аяқталған соң Astana-Premier Tech велокомандасында болған жайтқа қатысты құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Еске салайық, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Astana-Premier Tech велотобының спорттық жетекшісі лауазымынан босатылғаны туралы хабарланды.
Велошабандоз бұл жаңалыққа таңғалғанын мәлімдеді.
“Мұндай шешімді естіп, абдырап қалдым. Мен үшін велоспорт өмірімнің ең ажырамас бөлігі екенін бәрі біледі", – дейді қазақстандық спортшы.