Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Спорт мектебіндегі ірі ұрлық: Жамбыл облысында мемлекеттік қызметкерлер сотталды

Жамбыл облысында спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлаған жеті адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Orda.kz

Меркен ауданының прокуратурасы №16 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің лауазымды тұлғаларының қызмет бабын пайдаланып, бөтен тұлғалардың қатысуымен аса ірі көлемде ұрлық жасау фактісін анықтады.

"Мемлекеттік қызметкерлердің қылмыстық әрекеті жастар арасында спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығына жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша анықталды. Лауазымды тұлғалар жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін ақы төлеп, бюджет қаражатын орынсыз алған", – деп хабарлады қадағалау органы.

Осылайша, 2020 жылдың ақпан айында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жеткізушіге спорт макеттері мен металл конструкцияларын дайындау бойынша қызмет көрсеткені үшін 2 миллион теңге сомасында төлем жасаған. Бірақ соңғысы көрсетілген жұмысты қамтамасыз етпеген. 2020 жылдың ақпан айында екі  мектеп қызметкерлерінің өтініші бойынша сыбайласы жалпы соманың 10 пайызын алған.

Қылмыстық әрекет нәтижесінде мемлекетке 16 миллион теңгеден астам залал келтірілген.

"2022 жылдың қазан айында осы факті бойынша Меркен ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса iрi мөлшерде жасалған) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу қорытындысы бойынша жеті адамға қатысты қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды", –  делінген хабарламада.

3 қарашада Меркен аудандық сотының үкімімен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры мен оның бұрынғы бас есепшісі өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырумен 3,5 жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал төрт сыбайласына 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырумен екі жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық іс бойынша 6,7 миллион теңге көлеміндегі шығын өтелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау