"Спорт десе ішкен асын жерге қоятын қызметкерлер": "Қазақтелеком" мамандары "Самұрық-Қазына" спартакиадасында нәтижелерімен тәнті етті
"Қазақтелеком" қызметкерлері елордада өткен "Самұрық-Қазына" қорына қарасты компаниялар қызметкерлерінің арасында жыл сайын өткізілетін сегізінші спартакиадаға қатысып, бірнеше спорт түрінен жүлделі орын алды. Мықты командарлардың қатарынан табылған қазақтелекомдықтар спортқа деген сүйіспеншілігімен жұртшылықты тәнті етті.
"Самұрық-Қазына" қоры биылғы аламан доданы өзінің 15-жылдық мерейтойына арнады. Байқауға қор құрамындағы 16 компанияның өкілдері қатысты. Атап айтқанда шамамен 800-ден астам қызметкер 11 спорт түрінен күш сынасты.
Бұл байқауда "Қазақтелеком" қызметкерлері батылдығымен көзге түсті. 800 метрлік қашықтыққа ерлер арасында жүзуден телеком-оператордың өкілі, спутниктік желілер мен теледидар жүйелерін пайдалану орталығының желілерді пайдалану департаментінің менеджері Мадияр Абдразақов жақсы нәтиже көрсетті.
Үздік үштікке енген Мадияр сайыстың тартысқа толы болғанын, нәтиже көрсету оңайлыққа соқпағанын жасырмады. Айтуынша бұған дейін ұзақ қашықтыққа арналған Ironman, Oceanman сияқты түрлі жарыстарға қатысқан екен. Дегенмен небәрі 800 метрден тұрған бұл тартыста жақсы нәтиже көрсету үшін тез арада тактиканы өзгертуге тура келген.
"Жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын, жүлделі орынға ие болдым. Дегенмен сайысқа түскен жігіттердің бәрі "сен тұр, мен атайын" деген мықтылар болып шықты. Қолдау көрсетіп, үнемі назарда ұстағаны үшін ұйымдастырушыларға, әріптестерім мен компанияның басшылығына алғыс айтамын. Келер жылы бұдан да жақсы нәтиже көрсету үшін жаттығуларымды жалғастырамын", - деді Мадияр.
Ал Алматы қаласындағы “Желі” дивизионының жүйелі инженері Дастан Құлмағанбетов осымен екінші жыл қатарынан ерлер арасындағы қол күресінен жеңімпаз атанды. Дастанның дивизион бойынша әріптесі, Оперативті бақылау қызметінің менеджері Дина Кенжалиева да әйелдер арасында 400 метрге еркін стильде жүзуден екінші орын иеленіп, командаға тағы бір медаль сыйлады.
Топтық жарыстарда Талдықорған қаласы қолжетімділік желіні пайдалану департаменті өкілдерінен тұратын футбол командасы жүлделі бірінші орынды қанжығаға байлады. Баскетболдан ерлер командасы көзге түсіп, үшінші орын иеленді. Волейболдан әйелдер тобы да қола медальмен марапатталды. Ал қазақтың ұлттық "Арқан тарту" ойынында "Қазақтелеком" спортшылары ерекше техниканың арқасында соңғы минутта, салмақ жағынан өздерінен асып түсетін қарсыластарына төтеп беріп, үшінші орынды иеленді.
Осы тұста "Қазақтелеком" Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев қызметкерлерді жеңістерімен құттықтады.
"Біздің ұжымымызда түрлі спортшы, марафоншы, жеңіл атлеттер, сондай-ақ, спорт десе ішкен асын жерге қоятын қызметкерлер өте көп. Спартакиадағы командамыздың жетістігі осыған дәлел. "Самұрық-Қазына" компаниялар тобы да біздің қызметкерлердің көптеген спорт түрінде мықты қарсылас екенін мойындайды. Себебі мамандарымыз түрлі жарыстарға қатысып, жеңіске жетіп жүр. "Қазақтелеком" тобын жеңістерімен құттықтап, әріптестеріме біздің компанияның намысын қорғауға барынша ат салысқандары үшін алғыс айтамын. Сіздерді мақтан тұтамыз", - деді "Қазақтелеком" Басқарма төрағасы.
Айта кетсек жеңімпаздар жекелеген спорт түрлерінен үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, армрестлинг және жүзуден бақ сынасты. Ал топтық спорт түрлерінен футзал, волейбол, баскетбол, арқан тарту, асық ату және киберспорт шеберлері тартысқа түсті.