"Сөз жоқ...": Тележүргізуші Айгүл Мүкей мұғалімдердің интернет іздеп, тауға шығатынын айтып, жағасын ұстады
Отандық тележүргізуші Айгүл Мүкей Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен білім министрін электрондық журнал толтыру үшін, дала кезіп жүрген түркістандық мұғалімдердің жағдайына назар аударуды сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/aigulmukei/ ашық дереккөзден
“Бұл суретті Бағдат Мусин мен білім министрі көрді деп ойлаймын. Суреттің өзі сөйлеп тұр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы ұстаздар басқа да әріптестері сияқты электронды құжаттар мен журнал толтыру керек. Мектепте интернет бар, бірақ бір айға тек 10 гигабайт беріледі. Бұл трафик алғашқы үш күнге ғана жетеді. Интернеттің жылдамдығытуралы айтпай-ақ қойсам да болады. Мектеп директорынан сөгіс естіген соң, мұғалімдер жақын маңнан тау мен дөң іздеп кетеді. Кейде дәмханаларға барады. Ал ол жақта адамдар демалады, ішімдік ішеді, ыңғайсыздық тудырады. Қыста таныстарының көмегіне жүгінеді. Мұғалімдер қағазбастылықтан арыла алмай жүргенде, енді интернет іздеп, табан тоздырып жүр. Жергілікті аймақта интернет жұмыс жасайтын жерлерді жақсы біледі. Сөз жоқ...”, – деп жазды Айгүл Мүкей.
Айта кетейік, бұған дейін Қазығұрт ауданы Аққұм ауылының мұғалімдерінің интернет іздеп, тауға шығып кететінін және шенеуніктердің ауылда байланыс орнатуға уәде бергені туралы жазған болатынбыз.