Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Сотталған әрі адвокаттық лицензиясы жоқ қазақстандық шамамен 500 сот ісіне қатысқан

Фото: Әлібек Алмабаевтың желідегі парақшасынан

Адвокаттық лицензиясы жоқ, әрі бұрын сотталған қазақстандық азамат 500-ге жуық сот ісін жүргізіп, тіпті Жоғарғы сот процесіне де қатысқан. Республикалық адвокаттар алқасы бұл жайтқа қатты алаңдаулы. Қазір бұл ер адамға қатысты сот процесі өтіп жатыр. Алайда айыпталушы жағдайға өз көзқарасын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аstanatv.kz телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында екі рет сотталған, адвокаттық лицензиясы жоқ Әлібек Алмабаевқа қатысты іс қаралды. Әділет министрлігінің мәліметінше, оның лицензиясы 2016 жылы-ақ күшін жойған, ал заң консультанттарының тізімінде аты жоқ. Жәбірленушілердің шағымдарына қарамастан Алмабаев өзін адвокат ретінде таныстырып, ескірген құжаттармен жұмыс істеп, азаматтардан заңсыз түрде ақша жинап келген. Тіпті кейбір сот істеріне Жоғарғы Сот деңгейінде қатысқан.

Жәбірленуші Әйгерім Жұмағанова күйеуін қорғауы үшін оған 3,7 миллион теңге төлегенін айтып берді.

"Әлібек Алмабаев алаяқтық бойынша айыпталған. Бірақ нәтиже көңіл көншітпеді, күйеуім сотталып кетті. Кейін оның мүлде лицензиясы жоқ екенін білдім. Тергеу кезінде бізге тиісті өтініштерді де, сараптамаларға сұранысты да жолдамаған. Тергеу изоляторына да өзі бармай, көмекшісін жіберіп жүрді. Басқа жәбірленушілерді іздестіріп жатқанымда тағы 10-11 адам менімен байланысқа шықты. Бұл адамдар жай азаматтар емес, "Қазақ билер алқасы" ұйымының мүшелері", – деді жәбірленуші Әйгерім Жұмағанова.

Тергеу мәліметтеріне сенсек, Алмабаев бұрын құжаттарды қолдан жасағаны үшін де сотталған. Алғаш рет ол 1981 жылы, Қазақ КСР кезінде, атышулы бап бойынша сотталған.

"1981 жылы Алмабаев Қазақ КСР-ның жарлығымен кәмелетке толмаған балаға күш қолданып, еркекпен жыныстық қатынас жасағаны үшін сотталған. Кейін 2012 жылы адвокаттық лицензия алған. Алайда 2016 жылы құжаттарды қолдан жасағаны үшін және өзге де баптар бойынша 5 жылға сотталып, лицензиясынан тағы айырылған", – деді жәбірленуші Әйгерім Жұмағанова.

"Қазақ билер алқасы" ұйымының мүшелері де алданып қалған. Олардың айтуынша, Алмабаевтың алаяқтық әрекеттері ардагерлер ұйымының қоғамдық жұмысын екі жылға тоқтатуға мәжбүр еткен.

"Қазақ билер алқасы" қоғамдық ұйымының төрағасы Асхат Бельтаев Алмабаевтың жарамсыз мөр қолданғанын айтты.

"Ол жарамсыз мөр қолданды. Біздің құжаттарымыз Әділет министрлігінде өтпей жатқанда, өзінің жалған құжаттарымен жұмыс істеді. Көп адамды алдады", – деді Асхат Бельтаев.

Егер жәбірленушілердің және Алмабаевтың бұрынғы серіктестерінің айыптаулары расталса, Қазақстанда 400-ден астам іс қайта қаралуы мүмкін.

Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары, адвокат Игорь Вранчев ресми сұраным хат жібергенін мәлімдеді.

“Біз ресми сұрау салдық. Бұл адамның 500-ге жуық іс бойынша адвокат ретінде қатысқаны анықталды. Алайда заң бойынша ол қорғаушы болуға құқығы жоқ еді. Сондықтан мұндай істер қорғаушысыз қаралған болып есептеледі. Сол себепті бұл істердің үкімдері жойылып, қайта қаралуы керек”, – деді Игорь Вранчев.

Алмабаевтың адвокаттық лицензиясының жоқтығы бірқатар мемлекеттік органмен расталған. Әділет министрлігінің мәліметінше, ол 2016 жылдың 11 наурызынан бастап барлық тізімнен шығарылған.

Әділет министрлігінің тіркеу қызметі мен заң қызметтерін ұйымдастыру комитеті "E-license" мемлекеттік деректер базасы бойынша 2016 жылғы 11 наурыздан бастап Алмабаевтың адвокаттық лицензиясы күшін жойды. Себебі оның үкімі заңды күшіне енді.

Ал айыпталушының өзі Әлібек Алмабаев айыппен келіспейді. Оның айтуынша, ол жазықсыз "құрбан" болған.

"Маған қарсы қылмыстық іс қозғалмай тұрып, тергеу жүргізілмей жатып, үкім шығарылды. Сол себепті мен лицензиямнан айырылдым. Істерімнің нәтижелері өте жақсы. Нақты санын білмеймін, бірақ көпшілігі оң нәтижемен аяқталған. Азаматтық істер бойынша лицензиясыз да өкіл болуға болады", – деді Әлібек Алмабаев.

Алайда жәбірленушілердің қорғаушылары оны заңсыз адвокат ретінде әрекет еткені үшін 6 жылға соттауды талап етіп отыр. Ақырғы шешімді сот шығарады.


Депутаттар емханалардағы жалған жазбалар үшін қылмыстық жаза енгізуді ұсынып отыр


"Лицензиясыз қызмет істеген кабинеттердің бірі жойылды": Жамбыл облысында дәрі еккен соң көз жұмған екі адамның оқиғасы тексерілді


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 58 жекеменшік мектеп лицензиясыз жұмыс істегенін жаздық. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде заңды рұқсат алмай бала оқытумен айналысқан 58 білім ордасы жауапкершілікке тартылған. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бұл мектептер әзірге жұмысын тоқтатпаған. Мектептер айыппұл төлеп, олқылықты реттеуге уәде берген. Бірақ анықталған заңбұзушылықтар сотқа жолданды дейді министрлік өкілі.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 09:45
Талқылау