Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сотталған шенеуніктің ұлы президент әкімшілігінде басшылық қызметке тағайындалды

Фото: facebook.com/KazakhstanMFA

Бұрын сотты болған шенеуніктің ұлы президент әкімшілігінде қызметке тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақорданың баспасөз қызметі мемлекет басшысының өкімімен президент әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына Жандос Бақытбекұлы Иманалиевтің тағайындалғанын хабарлады.

Басылымның мәліметінше,  Жандос Иманалиевтің әкесі Бақытбек Иманалиев кезінде "Нұр Отан" партиясының мүшесі болған, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ Назарбаев кезінде президент әкімшілігінде де жұмыс істеген көрінеді.

Бұдан бөлек, Бақытбек Иманалиев бірнеше жыл бұрын белгілі "бұқтырылған ет ісі" бойынша сотталған. Ол мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің төрағасы болып қызмет арқарған кезеңде қол астындағыларымен бірге 6,5 миллиард теңгені ысырап еткен. Антикордың мәліметінше, 2018 жылы комитет мемлекеттік стандартқа сай келмейтін, сапасыз, сиыр етінің орнына соя еті қосылған бұқтырылған ет сатқан.

Осы іс бойынша Бақытбек Иманалиев сегіз жылға сотталып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан және тұңғыш президенттің қолынан алған барлық марапаттарынан айырылған.

Алайда сегіз жылдың орнына бұрынғы шенеунік түрмеде небәрі бір жыл ғана отырып, денсаулығына байланысты жазадан босатылған.

Еске салсақ, бұған дейін бұрынғы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та президент әкімшілігінде жаңа қызметке тағайындалған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 20:49
Талқылау