"1 сағаттық жұмысы үшін 369 теңге төленеді": Депутат тағы бір қызметкерлер тобының жалақысын көтеруді ұсынды
Бүгінгі мәжіліс отырысында "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов сот процесіндегі аударма қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
"AMANAT партиясы сайлауалды бағдарламасында сот процесіндегі тараптардың теңдігін қамтамасыз ету мәселесі жіті қарастырылған. Сот төрелігіне қол жеткізу құқығы – іргелі халықаралық стандарттардың бірі, әр азаматтың конституциялық құқығы. Конституцияға сәйкес әркім сот арқылы қорғалуға құқылы және сот алдында бәрі тең", – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Айтуынша сот отырысындағы аудармашы сот процесінің қатысушысы және істі қарау үшін маңызды ақпараттың дәлдігі аударманың сапасымен тікелей байланысты.
"Сот төрелігінің әділдігі, тараптардың теңдігі аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты. Ал білікті маманды тарту оның өтемақысына тәуелді. Қазір азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде жүргізіледі. Оған сәйкес 1 бетті аударғаны немесе 1 сағаттық жұмысы үшін 369 теңге төленеді. Ал егер процесс жарты сағатқа созылса, онда төлем осы соманың жартысына тең болады, яғни 180 теңге", – деді депутат.
Қазақстан нарығында 1 парақ мәтіннің, 1 сағаттың аударма жұмысы 5 мың теңгеден жоғары бағаланады. Ал синхрондық аударма құны 10 мың теңгеден басталады.
"Жақында өткен, қоғамдық резонанс тудырған іс бойынша аударма қызметінің сапа деңгейіне куә болдық. Бүгінде сот ісіне тартылған аудармашылар төмен мөлшердегі төлемге байланысты қызмет көрсетуден бас тартады. Нәтижесінде, сот процестері кешіктіріліп, хатшылар басқа аудармашыларды іздеп, оларға қызмет көрсетуге жалынуға тура келеді. Тіпті жол шығынын өтеуге жетпейтін қаражатпен еліміздегі соттар азаматтарды аудармашымен қалай қамтамасыз етпек?! Көршілес елдерді алсақ, сот аудармашыларының бір сағаттық жұмыс ақысы 7500 теңгеден басталады. Бұл біздің соттардағы аудармашылардың өтемақысынан 20 есе көп", – деді ол.
Айтуынша, бұл мәселе үкімет тарапынан қолдау таппай келеді. Ол қазіргі нарықтық заманның деңгейіне сәйкес аудармашылардың өтемақысын қайта қарау қажет деп санайды. Бұл өз кезегінде соттарда заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында білікті және тәжірибелі аудармашыларды тартуға мумкіндік береді.
"Сондықтан аудармашылардың өтемақы мөлшерін нарықтық бағаларға сәйкестендіріп қайта қарауды және оны өз бақылауыңызға алуды ұсынамыз", – деп қорытындылады депутат.