"Сот шешімімен келіспеймін": Нұр-Сұлтанда банк кейуананың пәтерін тартып алмақ
Елорда тұрғыны Марияш Мендібекова өзінің заңды пәтерін банк тартып ала ма деп қорқады. Себебі пәтерді сатып алғаннан кейін үйдің өзінен бөлек тағы бір иесі бар екенін білген. Ал бүгінге дейін бірнеше рет өткен сот бір пәтерді екіге бөлген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Жасы 80-ге жақындаған Марияш Мендібекова екі жыл бұрын Нұр-Сұлтаннан 55 млн теңгеге пәтер сатып алған. Айтуынша, оған дейін баспананың екі қожайыны болған. Пәтерді аларда барлық құжаттың заңдылығын тексеріп, тиісті мекемелерден өттім дейді. Бірақ қуанышы ұзаққа бармапты. Арада жарты жыл өткен соң өз үйінің өзге де иесі бар екенін білгенін айтады.
"Бәрінің үлкені, анасы мен болғаннан кейін менің атыма осы үйді рәсімдеді. “Казинвест банк” деген бұрын жабылып қалған екен. Соның қызметкерлері келіп, “Бұл жерде біздің де үлесіміз бар, мынау үйдің жартысы біздікі. Сіздер заңсыз алғансыздар” деп бізді сотқа беріп жатыр", - дейді Марияш Меңдібекова.
Зейнеткердің қызы Толқын Тамабаеваның сөзінше, бұған қатысты бірнеше рет сот отырысы өткен. Бірақ сот шешімімен келіспейтінін айтады. Себебі судья бір пәтерді екіге бөлген. Яғни жартысы банкке тиесілі, ал жартысы шағымданушыға тиесілі. Сондай-ақ ол пәтердің алғашқы иелері мен банк арасында мұндай дау болмаған екен.
"Нотариус бүкіл мәліметті тексергенде ешқандай мәселе болған жоқ. Пәтер кепілде тұрмаған. 6-7 айдан кейін соттан келіп жатыр деп бізге хабарлады. Енді үйдің иесі болғаннан кейін мен жүгіріп келем дегенше "Қазинвест банктен" келіп жатқан қызметкерлердің біреуін де бетпе-бет көрген жоқпын", - деп мәлімдеді Толқын Тамабаева.
Шағымданушының адвокаты үйді салған құрылыс компаниясы банкке қарыз болғанын айтады. Соған байланысты ғимараттың төменгі қабатындағы коммерциялық бөлмелерді кепілдікке қойған дейді. Банк шағымданушының пәтерін сол кепілдікте тұрған бөлмелермен шатастырғандықтан осындай мәселе туындаған екен.
"Сот шешімі негізсіз шығарылған. Олар мүлікті бөлгенде суретімен көрсету керек еді. Бірақ ол жоқ, яғни заңға қайшы. Банктің тарату комиссиясы бұл тұрғын үйді кепілдіктегі мекеме деп шатасып отыр. Баспананың эксплутацияға өткендегі құжатта да көрсетілген. Енді апелляциялық сотта қалай болатынын көреміз", - деді қорғаушы Сұлушаш Мықтыбаева.
Сот өкілі соңғы шешім күшіне енбегенін және іс апелляцияда қаралып жатқанын жеткізді. Оның нәтижесі алдағы аптада белгілі болады дейді. Ал банктің тарату комиссиясы ресми хатсыз жауап бермейтіндерін айтқан.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
