Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот сериалдағы рөлі үшін үстінен іс қозғалған танымал блогерді ақтап шықты

Видеодан скрин

Астана соты сериалдағы рөлі үшін үстінен іс қозғалған Qasqir_kz лақап атымен танымал блогер Әли-Әскер Байғожинді ақтап шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогердің үстінен "Ганюшкино департаменті" атты сатиралық сериалда құқық қорғау органы өкілінің рөлін сомдағаны үшін “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалған еді. 

Блогердің адвокаттарының мәліметінше, Байғожинға қатысты іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

"Сот ақтап үкім шығарды. Іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", – деді адвокат Асқар Қаймақов.

Блогердің қорғаушылары сотта оның еркімен емес, дайын сценарий бойынша әрекет еткенін атап өтті. Сонымен қатар, қорғаушылар блогердің "қоғамдық орында емес, түсірілім алаңында болғанын" сондықтан қоғамға "құрметсіздік көрсету және қоғамдық тәртіпті бұзу" бабы бойынша айып тағу мүмкін емес екенін атап көрсеткен. 

Айта кетейік, Qasqir_kz лақап атымен танымал блогер Әли-Әскер Байғожин – Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының түлегі. Блогер Атырау облыстық ҰҚК департаментінде алты жыл қызмет атқарған. Қызметтен кеткен соң әлеуметтік желілерде күштік құрылымдардың күнделікті өмірі жайлы юморлық жанрда бейнероликтер жариялай бастаған.

Еске салсақ, бұған дейін танымал блогердің үстінен сериалдағы рөлі үшін іс қозғалғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Сәуір, 2025 19:40
Талқылау