Сот FlyArystan рейсінің кешігуіне байланысты демалысқа ұша алмай қалған отбасыға қомақты қаржы өндіріп берді

FlyArystan рейсінің кешігуіне байланысты бір отбасы мүшелері демалысқа ұша алмай қалды. Сот оларға әуе компаниясынан турдың толық құнын және моральдық өтемақыны өндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, FlyArystan әуе компаниясының кінәсінен үш адам Катарға ұша алмай қалған. Бұл жағдай былтыр қыркүйек айында болған. Юрий мен Ирина Трепелковтар тағы бір отбасы мүшесімен бірге Доха қаласына тур сатып алған. Олар Шымкент қаласының тұрғындары. Десе де отбасы Алматы қаласынан ұшуы керек болған. Сол себепті олар Шымкент-Алматы бағытына FlyArystan әуе компаниясының билеттерін алған. Олар осылайша Алматыға Катарға ұшатын рейстен 5 сағат бұрын жетуді жоспарлаған. Алайда Fly Arystan әуе компаниясы бірнеше сағат кешігетін әдетіне басып, сол күні де рейсті 6 сағатқа кешіктірген. Соның салдарынан Дохаға ұшатын ұшақ Юрий мен Иринасыз ұшып кеткен.
Отбасы әуелі әуе компаниясына өтемақы төлеуді талап етіп жүгінген. Алайда Fly Arystan компаниясының менеджерлері Шымкент – Алматы билеттерінің ақшасын қайтаруға ғана келіскен. Бұған келіспеген Трепелковтар сотқа жүгінген.
Олардың Катарға жасалған турдың толық құнын өндіру туралы талап арызын Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының судьясы Индира Абекова қараған. Ол FlyArystan жолаушыларға сапасыз қызмет көрсеткен деген қорытындыға келген. Нәтижесінде сот әуе компаниясынан демалысқа кеткен 1,3 миллион теңгені өндіріп беруді, әр адамға 200 мың теңгеден моральдық өтемақы төлеуді міндеттеген.
Айта кетейік, бұған дейін FlyArystan рейс уақытын өзгерткені үшін жолаушы 188 мың теңге айыппұл арқалағаны туралы жазған едік.
"Төрт жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған": Сарапшы Шарлапаевтың "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына тағайындалуын сынға алды