Сот экс-әкім Бақауовты шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты
Павлодар облысының апелляциялық соты Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовты жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бақауов соңғы рет осы жылдың қаңтар айында шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш білдірген. Павлодар қаласының Қылмыстық істер жөніндегі соты сотталғанның ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын, ол үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынғанын көрсетті. Бұл шешіммен келіспеген экс-шенеунік апелляциялық шағым түсіргенімен, Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы оны қолдамады.
"Апелляциялық сатыдағы сот Б.Ж.Бақауовтың өзін түзеу және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын одан әрі өтеуді қажет етпейтінін көрсететін нақты мәліметтерді анықтаған жоқ. Бірінші сатыдағы соттың қаулысы – өзгеріссіз, сотталушының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот шешімнің заңды күшіне енгенін де атап өтті.
Шешім жарияланғаннан кейін бірден Марат Рымбаев сотталушының әкімшілік құқық бұзушылықтар жасамағанын және жазасын өтеп жатқанын айтты.
"Бірақ сот оның түзелгені туралы дәлелдер жеткіліксіз деп есептейді. Ол мерзімінің жартысынан астамын өтеген, бірақ заңға бағыну керек", – деп түсіндірді Рымбаев.
Сондай-ақ ол Бақауовтың жарты жыл ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы екінші өтінішін бере алатынын айтты.
Еске салайық, Болат Бақауов 2020 жылдың мамырында ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін сотталған болатын.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
