"Осы үшін бюджеттен ақша бөлді ме": Желі қолданушысы ҚБТУ ғимаратында 3 сағатта өрт сөндіргендерге ыстық тамақ бергеніне ашуланды
Алматы әкімдігі Қазақ-британ техникалық университетінде шыққан өртті сөндірген өрт сөндірушілерге ыстық тамақ беру үшін әкімдіктен ақша бөлінді деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде желі қолданушылары 3 сағатта сөндірілген қызыл жалынды сылтау етіп, бюджеттен ақша бөлінді деп жазба жариялады.
“Әкімдік төтенше жағдай департаментінің қызметкерлеріне ыстық тамақ ұйымдастырылғанын мәлім етті. Құлаққа жағымды естіледі, солай ма? Бірақ олар осылай жарияға жар салып жатқанда өрт сөндірушілер бір сағат оқиға орнында қызметін жалғастырып жатты. Қызмет барысында қандай ыстық тамақ болуы мүмкін? Өрт сөндірушілер басын қатерге тігіп, ғимаратты аман алып қалуға тырысып жатқанда, жұмысын тоқтатып тамақ ішу керек пе? Ақшаны игерді, ақпарат таратты, осылайша, жүйеде төбе көрсетті. Ақшаны алды, БАҚ арқылы есеп берді”, – деп жазды желідегілер.
Фото: Әлеуметтік желіден
Қала әкімдігі қаражаттың бюджеттен бөлінгенін жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, ыстық тамақты жергілікті кәсіпкерлер ұйымдастырған.
“Қазақ-британ техникалық университетіндегі оқиғаға байланысты өрт сөндірушілер үшін әкімдік қызметкерлері Алматы қаласы төтенше жағдай департаментінің басшылығымен және жергілікті бизнес өкілдерімен бірлесіп ыстық тамақты ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Осы бастамамен бюджеттен қаржы бөлінбестен өрт сөндірушілерге жеңіл тағамдар ұсынылды: ыстық сорпа, бутербродтар, бауырсақ, кондитерлік өнімдер мен шай, кофе”, – деп мәлімдеді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетінде өрт шығып, Төле би көшесі жартылай жабылғаны туралы хабарлаған едік.