"Соңғы шөлмек сыра": Мейіржан Төребаев ішімдіктен қалай бас тартқанын айтты
Вайнер, блогер Мейіржан Төребаев қандай себеппен ішімдіктен бас тартқанын айтты. Ол бала тәрбиесінде ненің маңызды рөл ойнайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz.
Мейіржан осыдан 11 жыл бұрын тұңғыш ұлының дүниеге келген күнін еске алды.
"Айтпақшы ол 1 сәуір – "әзіл күнінде" туды. Кімге хабарлассам да, ешкім сенбеді. 2-сәуір күні барлығына қайта звондап шығуға тура келді. Әке атанғанымды жуу үшін достарымды моншаға шақырдым. Олар өте көп жылы тілектерін айтты, дастарқанда түрлі тағам, сыра болды.
Бұрын достарымызбен отырыстарда жиі ішетінбіз. Жаңадан оқу бітірдік, жаспыз. Бірақ сол күні бәріне: “Бұл мен ішкен соңғы шөлмек сыра" дедім. Бұл сөзді көп адам айтса да, барлығы бірдей уәдесінде тұрмаған шығар. Бірақ мен өзіме сенімді едім", – дейді Төребаев.
Достарының басым дені Мейіржанның сөзін қалжыңға балап, аса мән бермепті. Тек біреуі мұндай шешімге келуінің себебін сұраған. Оған Мейіржан:
"Енді үйде бала бар, ол өседі, дамиды, ата-анасының әрекеттерін қайталайды. Отбасымыздың заңдылықтары оның бейсанасына сіңеді. Үйде көргеннің бәрін ертең қайталағысы келеді. Біздің бойымыздан қажетсіз дүние көргенін қаламаймын", – деп жауап қатқан.
Бұл ретте Төребаев өзінің балалық шағын еске алды. Автомобильшілер күнінде ішімдік ішкен әкесін анасы теріс үлгі ретінде көрсеткенін айтты.
"Әкеңе қарашы, сыра мен арақтың аяғы осыған әкеледі. Бұл жақсы емес. Бас ауру, жүйкенің тозуы, жанжал, ұят, бұл бізге керек пе?”, – дейтін. Мектеп кезінде болатын.
Анамның сөздерін жақсы түсінетінмін. Бірақ жасым 20-ға толғанда өзіме өзім қожа болдым, студентпін. Өмірде көргенімнің бәрін қайталадым. Әкем сияқты ішімдік іштім. Ендеше анамның дұрыс өмір туралы дәрістері қайда қалды деген сұрақ туады.
Бала ата-анасын тыңдамайды, жасаған әрекеттерін, айналасын қайталайды. Балаңыз өскенде жақсы адам болсын десеңіз, өзіңіз жақсы болыңыз. Қандай да бір қасиетті бойына сіңіргіңіз келсе, ол қасиеттің өзіңізде болғанын қадағалаңыз. Үлгі болыңыз, зиянды әрекеттерден бас тартыңыз. Балаңыз үшін қаһарман болыңыз", – деп түсіндірді ол.
Мейіржан уәдесінде тұрып, 11 жылдан бері ішімдік ішпегеніне сендірді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
