Соңғы сегіз аптада Испанияда аптап ыстықтан 1 180 адам қаза тапты
Фото: pixabay.com
Испанияда денсаулық сақтау және климаттың өзгеруі жөніндегі обсерватория соңғы 8 аптадағы экстремалды температура мен оның халыққа әсерін бағалау үшін жиналыс өткізді. Деректерге сәйкес, елде аномальды ыстық салдарынан 1 180 адам қаза тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еnergias-renovables порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Нәтижесінде екі алаңдатарлық дерек жарияланды. Біріншісі маусым айында Испанияда орташа температура 23,6ºC-қа жетіп, рекорд орнатқан. Бұл 1991–2020 жылдардағы климаттық кезеңмен салыстырғанда 3,5 градусқа жоғары. Екіншіден, Карлос III атындағы денсаулық сақтау институтының MoMo жүйесі 16 мамыр мен 13 шілде аралығында аномальды ыстық салдарынан 1 180 адамның қаза тапқанын тіркеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1000 пайыздан астам өсімді көрсетеді.
Мемлекеттік метеорологиялық агенттік Aemet климаттық жағдайдың айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Министрлік соңғы сегіз аптада Испанияда аптап ыстықтан 1 180 адам көз жұмғанын растады. Бұл көрсеткіш ерекше жоғары температура толқыны кезінде тіркелген.
2025 жылғы маусымда орташа температура 23,6ºC-қа жетіп, 2017 жылғы алдыңғы рекордтан 0,8 градусқа жоғары болды. Бұл сонымен қатар 1991–2020 жылдардағы орташа көрсеткіштен 3,5 градусқа артық. Шілде айы да ел аумағында тарихи орташа көрсеткіштерден жоғары температурамен өтуі мүмкін деген болжам бар. Ықтималдық 70 пайыздан жоғары.
Талдау кезеңінде елдің әртүрлі өңірлерінде 76 мәрте қызыл деңгейдегі ыстық ескертуі берілген. Бұл температура бойынша ең жоғарғы қауіпті деңгей. Былтыр осы кезеңде мұндай ескерту мүлде болмаған.
Ыстықтың денсаулыққа әсері де айтарлықтай. Қаза тапқан 1 180 адамның 95,08 пайызы 65 жастан асқан. Олардың 59,24 пайызын әйелдер құрайды. Мұны егде жастағы әйелдердің көбірек болуы және олардың ыстыққа физиологиялық тұрғыда осалдығымен түсіндіруге болады.
Ең көп зардап шеккен аймақтар – Галисия, Ла-Риоха, Астурия және Кантабрия. Бұл өңірлерде бұрын жаз мезгілі жұмсақ болғанымен, биыл климаттың өзгеруіне бейімделу деңгейі төмен. Министерлік бұл жағдайды инфрақұрылым мен әлеуметтік бейімделудің жеткіліксіздігімен байланыстырып отыр.

"Екінші Перизат Қайрат": Қазақстандық блогерге алданған 100-ден аса адам 1 миллиард теңгесін қайтара алмай жүр
