Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соңғы күндерін өткізіп жатқан науқастарға қарайды": Қазақстанда санитарлардың жалақысын көтеру ұсынылды

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға медициналық әлеуметтік мекемелердің кіші персоналы туралы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол операциялық блокта жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне баса назар аудару керек дейді. 

”Операциядан соң жуатын да, тазалайтын да – солар. Отадан кейінгі орынды тазалау да оңай емес. Медициналық қоқыстарды шығару да солардың мойнында. Себебі қоқысты жоятын арнайы мамандарға уақытылы дайындап қою керек. Операция құралдарынан, жуатын химиялық заттардан радиация да бар. Психо-эмоциялық көрсеткіш үшін дәрігерлерге, медбикелерге үстемақы төленеді, кіші персоналға жоқ”, – деді депутат. 

Сонымен қатар ол жан сақтау бөлімінде жұмыс істейтін кіші медициналық персонал қызметкерлері ауыр халде жатқан адамдарға, жандарын шүберекке түйіп, көздері жәутеңдеп көмек күткен науқастарға қызмет көрсететінін атап өтті. 

“Тіпті, ұлы сөзде ұят жоқ, дәретке отырғызу, орнын тазалау, тағы да басқа қызметтерді атқарады. Кіші персонал үшін ауыр жұмыстың бірі – хоспис. Әрине, мұндай жағдайды ешкімге тілемейміз, бірақ онда соңғы күндерін өткізіп жатқан ауыр науқастар жататыны белгілі. Ол жерде кіші медициналық қызметкерлер ауыр жұмыс атқарады. Олардың қатарында психодиспансер мен туберкулездік диспансерлердегі медициналық кіші қызметкерлер бар. Күнделікті істейтін жұмыстары: төсектен тұрғызу, киіндіру, жуу, тамақ, сусын ішкізу, дәретханаға апару, күту сияқты т.б”, – деп олардың жұмысына тоқталды Серіков. 

Депутат осындай ең ауыр жұмыстарды атқаратын қызметкерлердің, хирургиядағы санитарлардың жалақысы өте аз дейді.  

“Деректер бойынша 90 мың шамасында жалақы алады. Тіпті үстемақы қосқанның өзінде 100-120 мыңнан аспайды. Неге? Себебі олар – кіші медициналық персонал! Сонда әділдік қайда? Биыл жаңа жылдан бастап 25% қосылды деді, бірақ ол 5-6 мың ғана. Оның өзінде ол ақша әлі бөлінбеген. Иә, ем жасайтын дәрігерлердің еңбегі бар, бірақ ауыр жұмыстар атқаратын осы қызметкерлердің еңбегі неге бағаланбайды?”, – деп сұрады мәжіліс депутаты. 

Бұған дейін Қазақстанда медицина қызметкерлерін, фармацевт пен педагогтерді қашықтан оқытуға тыйым салынатынын жаздық. 

Талқылау