Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соңғы 66 жылда болмаған: Алматыда шілдеде температура рекорды жаңарды

Қазгидромет Алматыда 22 шілдеде ауа температурасы 39,3 градус ыстық тіркеліп, 1956 жылғы рекордты жаңартқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дәл осы күні Тараз метеостанциясында ауаның максималды температурасы +42 градусты құрап, 1987 жылғы осы күнгі рекордты (+39) жаңартты. Шымкентте ауаның жоғары температурасы +42,7С болса, соңғы рет сол күні ең жоғары ауа температурасы 2018 жылы (+40,5С) тіркелген.

Жалпы, шілде айының үшінші онкүндігі республиканың оңтүстік жартысында әдеттен тыс ыстық болды. Бұған Иран мен Орталық Азия аймақтарынан жылы ауа массаларын қарқынды шығуы ықпал етті.

Мысалы, 19 шілдеде Ақтау метеорологиялық станциясында (Маңғыстау облысы) температура рекордтары жаңартылды. Мұнда ауа температурасының ең жоғары +43,0С көрсеткіші тіркеліп, осылайша 2018 жылғы рекордты (+40,2С) жаңартты.

20 шілдеде Жезқазған (Ұлытау облысы) метеостанциясында ауаның жоғарғы температурасы +41,3С болды, соңғы рет сол күні абсолютті максимум 2012 жылы +40,0С болған.

21 шілдеде Қызылорда метеостанциясында рекордтық ауа температурасы +44,6С градусқа жетіп, 2018 жылғы рекордтан (+41,9С) асып түсті.

22 шілдеде еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде термометр бағаны +40+46С дейін жетті.

Температуралық рекордтардан бөлек, айдың басы мен аяғында республика аумағында айлық нормадан 2-4 есе асып түсетін қатты жаңбыр жауды.

Мысалы, 3 шілдеге қараған түні Чапаево метеостанциясында (Батыс Қазақстан облысы) екі айдағы нормадан астам жауын-шашын жауды – 49 миллиметр (бір айдағы норма – 20 миллиметр), сол күні Қарабау метеостанциясында (Атырау облысы) айлық 14 миллиметр норма кезінде 21 миллиметр жауын-шашын жауды.

5 шілдеде Новоалексеевка метеостанциясында (Ақтөбе облысы) айлық 26 миллиметр нормада 38 миллиметр жауын-шашын жауды, сол күні Киевка метеостанциясында (Қарағанды ​​облысы) 83 миллиметр (норма 49 миллиметр) жауын жауды.

23 шілдеде Жаңа Үштоған метеостанциясында (Атырау облысы) тәулігіне 24 миллиметр жауын жауды, ал бұл өңірде айлық норма 15 миллиметр болған. 28 шілдеде Ақтау метеостанциясында (Маңғыстау облысы) 44 миллиметр жауын жауған, бұл нормадан төрт есе артық (айлық норма 10 миллиметр), 29 шілдеде 56 айлық норма көрсіткіші бар Степногорск метеостанциясында (Ақмола облысы) 88 ​​ миллиметр жауын жауған.

Елордада бір ай ішінде рекорд тіркелген жоқ. Ауаның ең жоғары температурасы 16 шілдеде тіркеліп, термометр бағаны +35,1С көрсеткішіне жетті. Бір айда 35 миллиметр жауын-шашын жауды. Ал астанадағы айлық норма 56 миллиметр болған.

Талқылау