Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шенеуніктер тұрғындарды солтүстік өңірлерге көшіру құжатын жасап, 1 миллиард теңге жымқырған

Прокуратура органдары азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына талдау жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

Бас прокуратураның мәліметінше, жалған құжаттарды пайдалана отырып азаматтарды жалған қоныс аудару жолымен 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқыру және оны теріс пайдалану фактілері анықталды.

Қоныс аударушылар болып жалған адамдар есепке алынған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған көрінеу тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға рәсімделген. Азаматтар кей жағдайда өздерінің құжат бойынша қоныс аударылғанын білмеген. 

Мұндай фактілер Шығыс Қазақстантан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында анықталды.

"Мысалы, Павлодар облысының Успен ауданында "Еңбек мобильділігі орталығы" КММ-нің қызметкері арзан үйлерді тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатуды ұсынып, мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдырып отырған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, орталықтың қызметкері үйқамаққа алынды. Шығыс Қазақстан облысында қоныс аударушылар мен сатушылар арасында сөз байласу жағдайлары анықталды, олар мемлекеттік көмекті алу үшін жалған шарттар жасап, одан кейін бұл қаражатты бөліскен", – делінген хабарламада.

Одан әрі азаматтар бұрынғы мекенжайларында тұра берген. Солтүстік Қазақстан облысының Мәмлүт ауданында қоныс аударушы үйдің нақты бағасы мен мемлекеттен төленген қаражаттың арасындағы айырмашылықты иемденіп алған. Күдікті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.


Жалпы прокурорлар 20 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастады.

"Тергеу барысында қатысы бар барлық адамдарды анықтау, оларды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу шаралары қабылдануда. Нормативтік актілердегі олқылықтарды жоюжәне бағдарламаны іске асыруды бақылау жүйесін күшейту мақсатында үкіметке қадағалау актісі енгізілді", – деді бас прокуратура.

Еске салайық, бұған дейін 2024 жылдың басынан 1 маусымға дейін 7 353 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алғанын жаздық. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 135,7 мың этникалық қазақ оралды. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру барысында елімізде еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Талқылау