Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея шекарасында атыс болды

екі ел арасында атыс болдыФото: Ahn Young-joon

Cолтүстік Корея  Оңтүстік Корея әскерін шекара маңында атыс жасады деп айыптады. Сондай-ақ олар міндетті түрде жауап қайтаратынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Корей Орталық телеграф сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Солтүстік Корея әскері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-лейтенант Ко Чон Чхольдің айтуынша, 19 тамыз күні Оңтүстік Корея әскері шекарада қорғаныс құрылысын жүргізіп жатқан солтүстіккореялық сарбаздарға оқ атқан. Ол кемінде оннан астам ірі калибрлі пулемёттан оқ атылғанын мәлімдеді.

КХДР өкілі бұл оқиғаны "қауіпті арандатушылық" деп атап, оның "бақылаудан тыс шиеленіске" алып келуі мүмкін екенін ескертті.

Пхеньян таратқан мәліметке сәйкес, Солтүстік Корея бұған дейін, шекарадағы құрылыс жұмыстары туралы америкалық әскери өкілдерге ескерткен. Алайда, оңтүстіккореялық тарап оқ ату мен шекара бойында дыбыс зорайтқыштар арқылы психологиялық қысым жасауды жалғастырып жатыр екен. 

Солтүстік Корея бұл қондырғылардан музыка мен үгіт-насихаттық хабарламалар таратылып жатқанын және оларды қауіп ретінде қабылдайтынын мәлімдеді.

Аталған шиеленіс Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың кең көлемді бірлескен әскери оқу-жаттығуларына тұспа-тұс келді. КХДР бұл жағдайды "қасақана арандатушылықтың дәлелі" деп бағалады.

Оңтүстік Корея тарапынан әзірге ресми мәлімдеме жасалмаған. Бұған дейін Сеул АҚШ-пен бірлескен оқу-жаттығулардың жалғасып жатқанын ғана хабарлаған. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 23 Тамыз, 2025 14:07
Талқылау