Кипрде өмір сүру құны қанша? Солтүстік Кипрдегі отандасымыз шетелде табыс табудың жолын айтты

Жыл сайын шетелден жылжымайтын мүлік сатып алып жатқан қазақстандықтар саны артып келеді. Екі жыл ішінде он мыңнан аса қазақстандық теңіз жағалауынан баспана алуға шешім қабылдаған. Жерлестеріміз үшін сұранысқа ие елдер қатарында Түркия, Кипр, Грузия және Испания бар. Онда баспана шаршы метрінің бағасы 800 доллардан басталады. Солтүстік Кипрде тұратын жерлесіміз Мадина Байболова жылжымайтын мүлік бойынша кеңесші болып жұмыс істейді. Редакциямыз Мадинамен байланысып, елдің мәдениеті, сұранысқа ие кәсіптер мен Солтүстік Кипр қазақстандықтар үшін несімен тартымды екенін сұрап білді.

Кипр

Қазіргі уақытта Солтүстік Кипрде отбасыммен бақытты ғұмыр кешудемін. Өз мамандығым бойынша сүйікті ісім - инвестициялық жылжымайтын мүлікті сатумен айнылысамын, дейді Мадина Байболова.   

 – Солтүстік Кипрдегі өмір туралы айтып берсеңіз. Қанша уақыттан бері тұрасыз? Елдегі ұнаған және ұнамаған нәрсе бар ма?

 –  Кипрге екі жыл бұрын көшіп келдік, балаларымыз мектепке барып жүр, түрік және ағылшын тілдерін үйренуде. Бұл жердің климаты тамаша, күн жылы, табиғи өнімдері мол, қауіпсіз әрі мейрімді орта және теңіз бар. Жыл бойы курортта тұрған маған қатты ұнайды. Пәтерлерде қыста орталық жылу беру жүйесінің жоқтығы біз үшін үйреншікті емес еді, бірақ екі қыста бұған да үйрендік. Кипрде қыстағы ең төменгі ауа температурасы +5, +10. 

 –  Елдің мәдениеті мен өмір салты туралы айтып берсеңіз. Неліктен дәл сол жерге баруды шештіңіз?

 – Өмір салты Жерорта теңізі стиліне тән: жайбарақат, бәсең. Тұрғындары күлімсіреп жүреді, ешкім ешқайда асықпайды.

Мәдениеті жағынан: тілі, асханасы, отбасылық құндылықтары, ашықтығы мен қонақжайлығы түріктікіне ұқсас. Алайда кипрліктер түріктер емес, олар еуропаланған, тік мінезді, діндар емес, саудаласуды, қу болуды ұнатпайды. 

Кипрге бизнес үшін көшіп келдік. Біз Қазақстанда 2000 жылдардан бастап элиталы жылжымайтын мүлікпен жұмыс істедік. Нұр-Сұлтанда өзіміздің үлкен компаниямыз болды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біздің салаға сұраныс төмендеді, сондықтан басқа бағыттарды қарастыра бастадық. Осылайша Құдай бізді Солтүстік Кипрге алып келді. 

Бұл біздің шетелдік жылжымайтын мүлікпен айналысудағы алғашқы тәжірибе емес, бұған дейін де Лондонда сәтті жобаларымыз жүзеге асты, Болгариямен де жұмыс істедік. Кипр біз түбегейлі балалармен бірге көшуге шешім қабылдаған бірінші ел болды. 

 –  Елде қандай мамандықтар сұранысқа ие, орташа жалақы қандай? Аралдың тұрғындары әдетте түске дейін жұмыс істейді және аздап жалқау болады дейді. Елде жұмыс процесі қалай ұйымдастырылған? Иммигранттардың қандай мүмкіндіктері бар?

 – Солтүстік Кипр бұл ең алдымен туризм және құрылыстың елі, сондықтан жұмыс орындарының көп бөлігі осы бағытта. Алайда бұл қаражат табу үшін көшетін ел емес. 

Қызмет көрсету саласынан басқа (сұлулық салондары, құрылыс және жөндеу жұмыстары) жерде шетелдіктер үшін жұмыс орны жоқ. Жоқ дегенде түрік тілін немесе ағылшын тілін білуіңіз керек. Аралға көшіп келетін адамдардың көбі - Қазақстанда бизнесі бар немесе қашықтан жұмыс істейтіндер. Сондықтан жалдамалы жұмыс істеу мақсатында Кипрге көшуді ұсынбаймын. Кеңседе отыратын жұмыс табу екіталай. Бірақ егер сіз кәсіпкер болсаңыз және жаңа мүмкіндіктер іздесеңіз - бос сала көп.

Егер кипрліктер жайлы айтатын болсақ, иә, шын мәнінде олардың жұмыс күні біз үйренген қалыптан өзгеше.

Мысалы, мемлекеттік қызметтер 8-ден күндізгі үшке дейін көрсетіледі, адамдарды 12-ге дейін қабылдайды. Банктер түскі сағат 4-ке дейін ашық болады. Ал дүкендер барлық жерде кешке дейін істей береді, бірақ көбі жексенбіде жұмыс істемейді. Бірақ Еуропада да осындай жұмыс уақытын ұстанады ғой. 

 – Қазақстандықтар неге шетелге көшіп жатыр деп ойлайсыз?

 – Себеп әртүрлі. Бірақ басым көпшілігі, балаларының денсаулығы мен білім сапасы үшін көшеді деп ойлаймын. 

 – Егер қазақстандық азамат Кипрге көшуді ұйғарса, онда ол қайда жұмысқа орналаса алады? Оны не күтіп тұр? Пәтерді жалға алу және тамақтануға шамамен қанша ақша керек?

 – Тамақ құны Қазақстанға қарағанда шамамен 10-15%-ға қымбат. Бір жылға келісімшартпен екі бөлмелі пәтерді жалдау - айына 300 доллардан басталады.

 – Соңғы екі жылда бірнеше мың қазақстандық Солтүстік Кипрден жылжымайтын мүлік сатып алды. Кипр қазақстандықтар үшін несімен тартымды?

- климат пен таза экологиясы; визасыз сапар; уақытша тұру ықтиярхатының жеңіл рәсімделуі; жылжымайтын мүліктің қолжетімді бағасы және пайызсыз бөліп төлеу; сапалы білім (нағыз британдық мектептер, Ұлыбритания дипломдары бар ЖОО-лар).

 – Сіз Кипрде жылжымайтын мүлікті жақсы кірісі үшін сатып алу тиімді екенін айтып жүрсіз. Бірақ сатып алу тиімді болса, онда жалға алудың басқа адамдар үшін не қажеті бар?

 – Туристерге жалға беру және валютамен тұрақты табыс алу үшін сатып алу тиімді. Солтүстік Кипрдегі жаңа құрылыстағы екі бөлмелі пәтер 83.000 доллар тұрады, бұл 36 млн теңге. Қазір Алматыдағы бизнес-класс бағасына сәйкес келеді. Ал Алматыдағы пәтерді сіз 260.000 теңгеге немесе айына 600 долларға жалға бересіз, бұл жылына 7200 доллар. Ал Кипрдегі пәтер сізге $10.900 әкеледі. Сонымен қатар, жалдау бағасы жыл сайын 2-3%-ға көтеріліп отырады, демек болашақта сіз одан да көп ақша табасыз деген сөз.

 – Жақсы аудандардағы екі бөлмелі және үш бөлмелі пәтердің бағасы қандай? Ипотека, бөліп төлеу шарттары ше? Жалпы, тұрғын үй сапасын қалай бағалайсыз?

 – Жақсы ауданда, теңізден таяқ тастам жерде орналасқан кешенде, инфрақұрылымы үлкен, қонақ үй сияқты (бассейндер,  су сырғанақтары, мейрамханалар, балалар ойын алаңқайы, фитнес, спа) екі бөлмелі пәтер құны 83.000 доллар, үш бөлмелі пәтер үшін 115.000 доллар. Бұл салынып жатқан үйлердегі бағалар, 2 жылдан 5 жылға дейін пайызсыз бөліп төлеуге болады. Бастапқы жарна ретінде пәтер құнының тек 30%-ын төлеу жеткілікті. Несиені құрылыс компаниясының өзінен де алуға болады, банкке жүгінудің қажеті жоқ. Орташа жылдық сыйақы 7-9%-ды құрайды.

Құрылыс сапасы әртүрлі, кейбір компанияларда өте жоғары, кейбіреулерінде төмен. Қазақстандағыдай. Жалпы, пәтерлердің ауданы кішірек келеді, әсіресе, жатын бөлмелері. Бірақ террасалары бар, өйткені өмір салты күннің көп бөлігін ашық ауада өткізгенін көздейді.

Қазақстаннан тағы бір ерекшелігі, баға шаршы метрге емес, терезедегі көріністің әсемдігі мен пәтердің орналасқан қабатына байланысты. Пәтер қабаты неғұрлым жоғары және көрініс әдемі болса, соғұрлым бағасы қымбат болады.

– Біраз уақыт бұрын шыққан "Книга замужней женщины" (Тұрмыстағы әйелдің кітабы) кітабыңыз жақсы таралып, келіншектердің ілтипатына ие болды. Әлеуметтік желідегі парақшаңызда отбасындағы береке жайлы жиі жазатынсыз. Не себепті осы тақырыптар жайлы жазбай кеттіңіз?

 –  Бұл кітап шыққан кезең мен үшін өз тәжірибемді басқа адамдармен бөлісу уақыты еді. Кітап көп адамға өмірлерін қайта қарастыруға, бақытты болуға, отбасыларына мейірімділік пен қуаныш сыйлауға көмектескеніне өте қуаныштымын. Бұл - менің өмірімнің керемет шағы. Бірақ менің нақты кәсіби қызметім, білімім және тәжірибем бизнеспен, жылжымайтын мүлікпен және инвестициямен байланысты.

 – Сіздің кітабыңызды отандық блогерлер бірнеше рет сынға алды. Көбі "әйел барлығына жауапты болады" деген пікірмен келіспеген сияқты. Бұл туралы не айта аласыз?

 – Өмірінде ілгері қадамдар жасай отырып, сынға ұшырамаған адамды көрмеппін. "Барлық жауапкершілікті әйелге жүктеймін" деген түсінік кітабымның мәні деп қарастыратындар бағдары шектеулі адамдар, олар өзімен жұмыс істей алмайды, себебі барлық проблемалары үшін басқаларды кінәлауды жеңіл көреді. Егер менің кітабым мен отбасылық қарым-қатынас жайлы жазбаларымды оқысаңыз, басты мағынасы - әркім өз өмірінің авторы және өз өміріңіз үшін жауапкершілік алу екенін түсінесіз.

 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр