Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда отбасы тұшпарадан уланған: Көз жұмған балалардың анасы іс қозғалмай жатқанын айтып ашуланды

Тұшпара жеп уланып, қаза тапқан балалардың анасы Бас прокуратураға жүгінді. Оның айтуынша, кінәлілер әлі жауапқа тартылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Tengrinews.kz

Биыл маусым айында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Надежка ауылында қорқынышты қайғылы оқиға болды. Ауыл дүкенінен алынған бекон мен тұшпараны кешкі асқа жеген бес адамнан тұратын отбасы уланып қалған. Салдарынан 3 жасар ұл бала мен 6 жасар қыз бала көз жұмды. Балалардың 28 жастағы анасы мен 2014 жылы туған үлкен баласы дәрігерлердің көмегімен аман қалды.

Галина Коваленко өзінің мәлімдемесінде оқиғадан бері 6 ай өтсе де, елді дүр сілкіндірген трагедия үшін жауаптылардың әлі анықталмағанын атап өтті.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 304-бабының 3-бөлігі бойынша "Санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерді бұзу, абайсызда адамдардың жаппай улануына және екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда биыл қазан айында тергеуші бұл істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатқан.

Сонымен қатар қылмыстық істен бөлек материалдар жеке өндіріске бөлініп, Қылмыстық кодекстің 317-бабының 4-бөлігі бойынша "Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қазір бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Галина Коваленко Бас прокуратураға жазған өтінішінде санитарлық ережелер мен нормалардың бұзылуына қатысты істің тоқтатылуымен түбегейлі келіспейтінін атап өтті. Ол балалардың өліміне дәл осы санитарлық талаптардың бұзылуы себеп болды деп есептейді.



Галина Коваленко қаза тапқан балаларын еске алып, 12 маусымда болған оқиғаны баяндады.

"Мен 12 маусымда "Татьяна" деген ауыл дүкенінен азық-түлік сатып алдым. Алдымен тұшпара мен вакуумды қаптамадағы беконды сатып алдым. Осы тағамдарды біз түскі және кешкі асқа жедік. Түнде бәріміздің жағдайымыз нашарлады. Бәрімізде қатты құсу, әлсіздік, бас айналу басталды. Үйде тым ыстық болмағанымен, балалар еденде жатты. Себебі бәріміз ауа жетпей, тұншықтық. Мен бірден ауыл медбикесін шақырдым. Ол бізге белсендірілген көмір беріп, мүлдем ауруханаға жатқызу шараларын жасамай үйіне қайтты. Таңертең менің ең кіші ұлым қайтыс болды. Тек содан кейін бізді ауруханаға жатқызды. Сол күні кешке ауруханада менің қызым да қайтыс болды," – деп еске алады қайғылы оқиғаға байланысты Галина.

Сараптама балалардың өліміне нитриттермен уланудың себеп болғанын көрсетті.

"Нитриттердің өлімге әкелетін концентрациясы 4 есе артық болды. Бұл заттар балалардың асқазанынан мәйітті зерттеу кезінде табылды. Сарапшылар нитриттердің азық-түлік арқылы ағзаға 2-6 сағат ішінде түсуі мүмкін екенін көрсетті. Бұл заттар көбіне ет өнімдеріне, атап айтқанда шұжықтарға, беконға қосылады. Олар коптильндеуде, тұздауда және маринаттауда консервант, антисептикалық және тұзды ингредиент ретінде пайдаланылады. Тергеушілерге қай дүкеннен және қандай азық-түлік алғанымды айттым. Бірақ дүкен иелерін неге сұраққа тартпағанын түсінбеймін. Бізді білетін ауылдастарымыз таңертең қайғылы оқиғадан кейін дүкеннен екі жүк көлігі азық-түлік шығарылғанын айтты. Олардың айтуынша, бұл жарамдылық мерзімі өткен немесе сертификатсыз өнімдер болуы мүмкін. Мүмкін беконның қалған партиясын жойып та үлгерген болар" – деп күйінеді әйел.

Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында тамақтан уланып, екі баласы көз жұмған отбасыны тексеру кезінде стафилококк бактериясы анықталды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ұйымының мәліметінше, отбасы тұтынған мұздатылған жартылай фабрикаттардан: тұшпара, мұздатылған ет пен шикі шошқа майынан стафилококк бактериясы табылған. Сондай-ақ үйдегі ауыз су да талапқа сай емес екені анықталды.Үйдің жертөлесіндегі көмірқышқыл газының шекті концентрациясы рұқсат етілген мөлшерден алты еседен асып кеткен.

Талқылау