Солтүстік Қазақстанда науқас ФГДС кезінде қайтыс болды
Фото: Ru.freepik.com
Қайғылы жағдай Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданының орталық аудандық ауруханасының эндоскопиялық зерттеулер кабинетінде болды. Ер адам есінен танып қалып, тыныс алуы тоқтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дәрігерлер ағзадан эндоскопты шығара бастағанда науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Ақхалаттылардың айтуынша, ол есінен танып, дем ала алмай қалған. Сөйтіп бір сағат бойы реанимациялауға тырысқан.
“Науқастың кеуде қуысы ауырып, терең дем алған кезде ауырсынуы күшейе берген. Сондай-ақ сегіз жылдан бері бас ауруы мазалап жүрген. Ол қабынуға қарсы стероид емес дәрілерді өз бінше қабылдаған”, – делінген аудандық аурухананың хабарламасында.
Науқас диспансерлік есепте тұрмаған, ал емханаға соңғы бес жылда мүлде бармаған.
“Ауыр дерттің салдарынан науқасты құтқара алмадық. Оның бұрын анықталмаған аортаның қабырғасының жарықшақтануы деген диагнозы бар кен. Зерттеу кезінде бұл жағдай науқастың ағзасының ауруға төзу қабілетінің бұзылуына, яғни аневризманың қабырғасының жарықшақтануы мен жүрек қапшығының тампонадына әкеп соқты”, – дейді дәрігерлер.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің мәліметінше, полиция бөліміне ер адамның өлімі туралы хабарлама келіп түскен. Ол бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция істің барлық мән-жайларын объективті зерттеу үшін барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі Солтүстік Қазақстан облысындағы ауруханада фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) процедурасынан кейін қайтыс болған науқасқа қатысты түсініктеме берді. Министрліктің мәліметінше, Шал ақын ауданы полиция бөлімі алдын ала тергеуді бастап, қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
“Енді ресми өтініш, сұрау немесе құқық қорғау органдарының тапсырмасы түскен жағдайда, Солтүстік Қазақстан облысы комитетінің департаменті медициналық ұйымға тәуелсіз сарапшыларды тарту арқылы тексеру бастайды”, — делінген хабарламада.
Тексеру нәтижелері бойынша дайындалған материалдар құқық қорғау органдарына заңдық бағалау беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданатыны көрсетілген.
ФГДС – асқазан, өңеш және он екі елі ішекті арнайы жіңішке камерасы бар түтік (эндоскоп) арқылы тексеретін медициналық процедура.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік