Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда колледж кабинеттері кәсіпкерлерге жалға берілгендіктен, студенттер білім алатын орын таппай жүр

Солтүстік Қазақстан университетіне қарасты колледждің студенттері санаулы кабинеттерде ғана білім алып жүр. Ал сабақтарының көп бөлігі онлайн форматқа ауыстырылыпты. Өйткені білім ордасының екі қабаты кәсіпкерлерге жалға берілген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Колледж басшылығының бұл шешіміне ата-аналар наразылығын білдірді. Тіпті бірнеше ай бұрын жекеменшік колледждегі бірнеше факультет жабылады деген ақпарат тарапты. Бұл мәселеге шенеуніктер араласып, студенттердің тағы бір жыл білім алуына мүмкіндік беріліпті. 

Студенттердің сөзінше, бірінші және екінші қабаттағы кабинеттерде ақылы үйірмелер мен коммерциялық нысандар жұмыс істейді. Оқу процесі тек үшінші қабатта ғана өтеді екен. 

“Біздің колледжде не болып жатқаны түсініксіз. Барлық кабинет сатылып немесе жалға беріліп жатыр. Содан кейін курстастарым сабаққа келуді қойды. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ”, – деді колледж студенті Камила Мельникова. 

Тағы бір студент, кей сабақтарды оқитын кабинет табылмай, қашықтан оқимыз дейді. 

“Кейде сабақ оқитын кабинет табу қиын болады. Сол себепті кейбір пәндерді қашықтан оқуға мәжбүрміз. Колледжге санаулы ғана студент келеді”, – дейді колледж студенті Элла Геллер. 

Ал ата-аналар ұл-қызымыз дұрыс білім алып жатқан жоқ дейді. Олар шенеуніктердің уәдесі сөз жүзінде қалғанына қапалы.

“Колледжге баламызды жіберуге қорқамыз. Өйткені олардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Оқу орнында камералар да дұрыс орнатылмаған. Балалар оқуды қойды. Білім сапасының деңгейі тіптен төмендеп кеткен”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Лидия Шериязданова. 

Колледж басшылығы 270 студентті үшінші қабаттағы 10 кабинетке сыйғызып отырмыз дейді. Ал, құрылыс жұмыстары сабақтан тыс уақытта жүргізіледі екен. Сабақтар кестеге сай өтіп жатыр дейді олар. 

“Кабинеттер жеткілікті. Бірақ басында болды мәселе. Жеткіліксіз болғандықтан кейбір факультативтік сабақтарды онлайн форматына ауыстырдық. Осы мәселені осы жағынан шештік”, – дейді колледж директорының орынбасары Әлия Махметова.

Білім басқармасының басшылығы бұл мәселеден хабардар. Сондықтан оқытушылардың жетіспеуі мен сабақтардың толық көлемде жүргізілмеуін тексеру жоспарда бар дейді.

“Студенттер сабаққа дұрыс келмейді, сабақтар дұрыс өтпейді деген ақпараттар түсіп жатыр. Бірақ ата-аналардан бұл туралы ресми түрде өтініш түскен жоқ. Сондай бір өтініштер болса әрине, білім басқармасы арнайы комиссия құрастырады. Барып тексеріп, өздерінің ұсыныстарын жасайды. Барлық оқу процесі бақылауға алынады”, – дейді білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова. 

Айта кетейік, СҚУ колледжінің ата-аналары оқу орны жабылып, студенттер далада қалады деп жазда дабыл қаққан еді. Сол уақытта көпшіліктің шағымын ескерген құрылтайшылар студенттерді тағы бір жылға қалдырған. Жоспар бойынша келесі оқу жылынан бастап диплом алмаған студенттер басқа колледждерде оқуын жалғастыруға тиіс.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 03 Қазан, 2024 09:31
Талқылау
`