Солтүстік Қазақстанда көлік жүргізушілері жанармай тапшылығына шағымданды
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бір аптада жанармай тапшы. Көлік жүргізушілері арасында сұранысқа ие АИ-92 жанармайы тек талонмен беріліп жатыр. Ал қолма-қол ақшаға сатып алатын жерде ұзын-сонар кезек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Жергілікті жүргізушілер бұл мәселенің жанармайдың құнын көтеру үшін қолдан жасалғанын айтып отыр. Олар уақыттың бензин алу үшін кезек күтумен өтіп жатқанын айтып, шағымданды. Талон таппаған жүргізушілер шарасыздықтан АИ-95 маркалы жанармайды сатып алуға мәжбүр. Өңірде бензиннің ең өтімді АИ-92 маркасының құны 205 теңге. Баға әзірге тұрақты. Алайда жүргізуішлер тапшылық жанармай құнын көтеру үшін қолдан жасалған деп болжайды.
“Шельфтегі жанармай бекетіне келіп, АИ92 бензин құяйын десем жоқ. АИ92 талонмен беріліп жатыр. Сондықтан АИ95 алуға мәжбүр болдым. Басқа Шельфтің станцияларында осындай жағдай, барлық жерде талонмен, ал талонды қайдан алатынымызды білмейміз. Тапшылықты қолдан жасап жатыр деп ойлаймын”, – дейді жүргізуші Айтолла Ғаббас.
Жергілікті биліктің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарында жанармай жеткілікті. Алайда бензинді тасымалдауда біршама қиындық бар. Жүргізушілердің жанармай таппай жанталасып жүргені де осының салдары дейді.
“12 тамыздан бастап "Солтүстік отын компаниясының" 13 жанармай құю станциясында АИ92 маркалы бензин тек талонмен беріліп жатыр. Өйткені бензин өңірге уақытылы жеткізіліп жатқан жоқ. Қазіргі уақытта бензиннің бір бөлігі әкелінді. Аудандарда аталған отын еркін сатылымда болады. Тек қалада мәселе толық шешілмегенше, уақытша талонмен беріледі. Қазіргі күні Атырау мен Павлодар зауыттарынан қосымша өнім келе жатыр”, – дейді СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шамсутдинов.
Билік өкілдері жанармай тапшылығы жақын арада шешілетінін, уайымға салынудың қажеті жоқ, бензин бағасы да өспейді деп сендірді.
Бұған дейін елімізде жанармай экспортына тыйым салу мерзімі ұзартылған еді.